Атажұртқа қоныс аударғаныма 30 жыл болады, өз орнымды таптым – Серхан Батай

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – 1991 жылы еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 31 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ радиосы арқылы шетелде жүрген қазақтарға арнап сөз сөйледі. Кейін қандастарға арналған хаты 1992 жылы 2 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Бұл әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашылған қазақтардың Атамекенге оралуына түрткі болды. ҚазАқпарат тілшісі ұлы көшпен алғашқылардың бірі болып Атамекенге қоныс аударған, қазір Петропавлда тұрып жатқан Серхан Батаймен сұхбат құрған еді.

- Серхан, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы легпен Моңғолиядан тарихи Отанға қоныс аударғаныңызды білеміз. Өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып кетіңізші...

- Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында 1964 жылы дүниеге келдім. Сол жақта оқу оқып, жақсы жұмысым болса да, арманым атажұртқа оралу болды. Бұл арманым ел Тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асты. Ол кезде жасым 29-да. 1992 жылы келісімшарт бойынша Көкшетау қаласына көшіп келдік. Бізді жергілікті халық құшақ жая қарсы алды, олардың ілтипаты ерекше болды. Бастапқыда 25 отбасы Көкшетауға қоныстандық, жартысы бірден тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Біз сияқты жастарға баспана алуға мүмкіндік болмады. Кейін тұрмыстық жағдайларға байланысты отбасымен Солтүстік Қазақстан облысына көшіп кеттім. Сол кезде еліміз қиын экономикалық кезеңді бастан өткеріп жатқан еді.

- Сол Атамекенге оралған сәт есіңізде қалды ма? Қазақ топырағын алғаш басқанда қандай сезімде болдыңыз?

- Атамекенге оралған сәт ешқашан естен кетбейді. Ұшақ қонған кезде, жерге табан тіреген кездегі қуаныш сезімді сөзбен айтып жеткізе алмайсың.

- Атамекен сізді қалай қарсы алды, жағдайларыңызды жасады ма?

- Өкпем жоқ. Сауатын бір сиыр берді, көмек ақшаларын берді. Біз алғаш көшіп келген Ақмола облысы, Зеренді ауданы Садовое кеңшарында түлкінің бірнеше түрін, құндыз, үй қоянын өсіретін ірі ферма болды, сонда жұмысқа орналастық. «Жидек» деген агроқұрылым болды, жеміс-жидек өсірумен айналысты. Сонда жұмысқа орналасқандар болды. Жағдайымызды жасады, балаларымызды, балабақша, мектепке орналастырды. Әлеуметтік қолдау көрсетілді, балаларымыз білім ордаларында тегін тамақтанып, студенттерге кәсіпкерлер өз атынан стипендия төледі. Мен мамандығым бойынша жұмыс тауып, көшіп келген қандастарға үй салатын бригадаға кірдім. Сол жылдары 10 үй салдық, кейіннен «Ботагөз» деген тері илейтін цехта жұмыс істедім. Соңында еліміздің барлық өңіріндегі жағдай бізді де айналып өтпей, кеңшар тарай бастады. Жұмыс тоқтап, күнкөріс үшін әр тарапқа қоныс аудардық.

- Атажұртқа оралғаныңызға өкінген кездер болды ма?

- Бір қаланың ішінде пәтер ауыстырсаң да оңай емес қой, ал біз бір елден екінші елге, ешкімді танымай келгендіктен, әрине оңай болған жоқ. Орыс тілін білмегендіктен қатты қиналдық, тілдің қадірін сонда түсіндік, екінші іс-қағазымыз, оқу бітірген диплом, құжаттарымыз моңғол тілінде болғандықтан ешкім түсінбей, ешқайда жұмысқа орналаса алмай қиналған кездеріміз болды. Келгеніме өкіндім деп айта алмаймын, себебі мен не алам деп емес, не бере аламын деген ой-мақсатпен қоныс аудардым, тек қана алға ұмтылумен болдым, ешқандай жұмыс талғамадым, барына қанағат еттім, өз үлесімді қостым. Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында сахна әрлеуші-меңгеруші болып жұмыс істеп, Шыңғысхан спектаклінен бастап 16 спектакль жасап, өз үлесімді қосқанымды мақтанышпен айта аламын.

- Қазір Моңғолияда туған-туыстарыңыз қалды ма?

- Моңғолияда аталас туыстар бар, ал жақын туыс-туғандарымның барлығы атамекенге көшіп келді.

- Қазір қайда еңбек етіп жатырсыз? Сіз елден орныңызды таба алдыңыз ба?

- Қазір даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатында бейнелеу, кәсіби еңбекке баулу, кәсіп, жалпы еңбекке даярлау пәндерінен сабақ беремін. Моңғолияда көркем безендіру жұмысын орындаушы мамандығын алғанмын, технология пәні мұғалімін. Елде Көкшетау университетін кәсіптік оқыту бағытында тәмамдадым. Өз орнымды тауып, Отаныма қызмет етіп жатырмын деп айта аламын. Келер жылы атажұртқа қоныс аударғаныма 30 жыл болады. Ісіме қызығушылық білдірген шәкірттерім бар, еңбегім еленіп, түрлі байқау-фестивальдерде жүлделі орындар алдым. Соның бірі 2008 жыл Түркістанда өткен мәдени-этнографиялық фестиваль, сол жолы үшінші орынды жеңіп алды. Мен тарихи деректерге сүйене отырып, ұмытылып бара жатқан нарқобызды жасап шықтым. Еңбегім жоғары бағаланды.

- Сіз жасаған музыкалық аспаптардың ерекшелігі неде?

- Ұлттық қолданбалы қолөнермен айналысу менің сүйікті ісім. Ұлттық аспаптардың ішінде домбыра, қобыз, жетігенді жасаймын. Музыкалық аспаптардың ішінде көбіне домбыра жасадым. Қазір менің қолымнан қаншасы шыққаны белгісіз. Домбырашылар менің жасаған домбырамның ауқымы кең, табиғи қоңыр үнді деп айтып жатады. Аспаптар бір-бірін қайталамайды, ерекшелігі де сол болса керек. Бір домбыра негізінен төрт-бес ағаштың, соның ішінде қарағай, үйеңкі, еменнің қоспасынан жасалады. Жасайтын бұйымға сай материалды сапасына, дыбыс өткізу ерекшелігіне байланысты таңдап аламын. Музыкалық аспаптарды дыбысты жақсы өткізетін материалдан жасаған жөн. Ол үшін шебердің ағашты таңдау қабілеті болуы керек деп ойлаймын. Сапалы материалдан жақсы, сапалы бұйым шығатыны сөзсіз. Сондай-ақ ағаштан астау сияқты ыдыс-аяқ, сандық, кебеже, дөңгелек үстел сияқты үй жиhаздарын жасадым. Қазір, алайда оған қолым тие бермейді.

- Қолөнер – атадан балаға даритын қасиет. Әке-аталарыңыз да шебер болған ба?

- Ия, менің атам да, әкем де шебер болған. Киіз үйдің қаңқасын, үй жиhаздарын сатып алмай ағаштан өздері жасайтын. Ұсталықпен де айналысқан, таға, шеге соғатын, зергерлік бұйымдар да, ат әбзелдерін – ер-тұрман да жасап, айыл, қамшы өретін, барлық керек заттарын өздері жасап алатын. Басы қасында жүріп, көріп-біліп өстік, арманым домбыра жасау болды, арманыма қол жеткіздім. Көп жылдар еткен еңбегім арқасында қыр-сырын меңгеріп, жүзеге асырдым. Атадан балаға дариды деген осы шығар.

- Балаларыңыздың арасында қолөнерге жақындары бар ма?

- Мен домбыра жасаған кезде екі ұлым көмекшім болды, өңдеп, кемістіктерін толықтырып отырды, сәндігіне мән беріп, былай жасайық, мен осылай жасалған домбыра көрдім деп ақылдасып отырдық. 11-сынып бітіргенше қасымда жүрді. Енді оқуларын бітіріп, өз мамандықтарының иесі болды. Мен оларға қолөнермен айналыс, домбыра жаса деп айта алмаймын, бірақ керек болған жағдайда балаларым көргенін жасай алады.

- Сізде көненің көзі – 19 ғасырда жасалған ұстаның көрігі бар екен. Сол жәдігер жайында айтып берсеңіз.

- Атам Кәкей Бажайдан маған мұраға қалған, 19-ғасырда қолданылған көрік аспабы. Әлі күнге дейін қолдануға болады. Ағаш пен теріден жасалған. Ол көшкенде өзіңмен бірге алып жүруге болатындай етіп жасалған және мұндай көріктер бұрын әр отбасында болған екен. Оны үй тұрмысында қолданып, жылқыны тағалауға қажет тағаны осындай көрікпен жасап алған. Көрік мен үшін өте құнды жәдігер. Аталарым осы аспаппен кезінде алтыннан, күмістен әшекей бұйымдар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасаған екен.

- Армандап, бірақ әлі күнге дейін істей алмай жүрген дүниеңіз бар ма?

- Әр адам қолынан келетін іспен айналысқаны дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан келешекте ұлттық музыкалық аспаптар жасайтын шеберхана ашқым келеді. Ол жерде қолөнерге икемі бар жастарды ұлттық өнерімізге баулысам деймін.

- Қолөнершінің еңбегіне, жалпы қолдан жасалған дүниеге бүгінде сұраныс бар ма?

- Қолөнер ешқашан жойылмайды, шебердің қолынан шыққан бұйым сапалы, ерекше болса, сұраныс қашан да жоғары болмақ.

- Тәуелсіздік мерекесіне лебізіңізді білдірсеңіз...

- Мен үшін Тәуелсіздік күні ең үлкен мереке, себебі Тәуелсіздігіміз болмаса мен ата жұртқа келе алмас едім. Аңсаған атамекеніме келдім, осы жерде балаларымды тәрбиелеп, өзіме ұнайтын ісіммен айналысып жатырмын. Мен Қазақстан азаматымын деп асқақ сезіммен айталамын. Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар