«Атажұрт» баспасы шетелдегі қандас жазушыларымыз үшін қызмет ете бермек - А. Елгезек

None
None
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығы 2009 жылғы мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарған басылымдары жайында баспасөз мәслихатын өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш баспаның Бас редакторы Ақберен Елгезектің айтуынша, Қытайдағы қазақ әдебиетінің классигі, белгілі саяси қайраткер, шынжаңдық қандасымыз Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романы, сондай-ақ Қытай қазақтары арасындағы әдебиетсүйер қауымға кеңінен танымал Шәміс Құмарұлының «Көз жасы сарқылмайды» романы Қазақстанда тұңғыш рет жарық көрген. «Бұл роман 1930-1940 жылдар ішіндегі Қытайдағы қазақтардың басынан өткен зұлмат жылдарды оқиғаға өзек етіп, қасіретті тағдырын шежіре ғып шертеді», дейді Бас редактор.

Сонымен қатар баспадан Қытайдағы қазақ әдебиетінің белгілі өкілі Жұмаділ Маманның «Қара тұйғын» хиқаяттары, Моңғолиядағы қазақ прозасына тың сүрлеу, соны соқпақ салған қаламгер Жамлиқа Шалұлының «Сүмбіле» атты әңгімелер жинағы және «Жасыл қанат нұрлы сөз» жыр жинағы жарық көріп отыр. «Бұл жыр жинағына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрушылардың бірі Қалдарбек Найманбаевтың 70 жылдығы мен мемлекеттік тілді насихаттауға байланысты және «Отаным -жаным, ана тілім - арым» атты халықаралық мүшәйрасына қатысқан 30-дан аса ақындардың өлеңдері кіріп отыр», дейді А. Елгезек.

Баспа мұнымен шектелмей Қ. Қобландин мен Г. Меңдіқұлованың «Өзбекстандағы қазақтардың тарихы және бүгінгі дамуы» атты ғылыми монографиясын шығарып отыр. «Бұл монографияда қазақстандық тарихнамада алғаш рет жинақталған, жүйеленген және сарапталған мұрағат құжаттары мен статистикалық материалдар негізінде Өзбекстан Республикасында өмір сүрген қазақтардың тарихы және қазіргі кезеңдегі жағдайлары туралы мәселелер кешенді түрде зерттелген», дейді Бас редактор.

Соңғы жаңалықтар