Атаулы әлеуметтік көмектің 45 пайызын Шымкент пен Түркістан облысындағы отбасылар алып отыр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 111,4 мың отбасы немесе 557,1 мың адам 18,8 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселесі үнемі Еңбек министрлігінің бақылауында. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап АӘК көрсету механизмі өзінің классикалық моделіне қайта өзгертілді. Ол бірінші кезекте көмек көрсетудің айқындылығын, әділдігін, еңбекке деген мотивациясын көтеруге бағытталған. 2020 жылдан бастап көрсетіліп отырған АӘК-тің негізгі ерекшелігі – ақшалай көмекпен қатар, 1-6 жасқа дейінгі баласы бар, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік топтама беру де қарастырылған», - деді А. Ниязов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Спикер АӘК-тің уақытша көмек екенін атап өтті.

Оның ең бірінші мақсаты – тұрмысы төмен отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қажет болған жағдайда біліктілікті арттыру курстарына жіберу арқылы кедейліктен шығаруға көмектесу.

«Бұл ретте 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, 198,4 мың отбасы, оның құрамында 1 миллионға жуық адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды, оның ішінде 160,6 мың отбасы шартты түрде АӘК алған, 37,8 мың отбасы шартсыз АӘК қол жеткізді. 2020 жылы АӘК төлем жүргізуге 65,6 млрд теңге жұмсалған. Оның 57,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылса, 8,1 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен жүргізілді», - деді А. Ниязов.

Өңірлік бөліністе 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың көбі Шымкент қаласында – 47,2 мың отбасы (23,8%), Түркістан облысында – 42,9 мың отбасы (21,7%) және Алматы облысында – 22,6 мың отбасы (11,4%) екені байқалады.

АӘК алушылар саны ең аз өңірлер – Солтүстік Қазақстан облысы – 2,7 мың отбасы (1,3%) және Атырау облысы – 1,6 мың отбасы (0,8%).


Соңғы жаңалықтар