Атаулы әлеуметтік көмекті төлеу процесі «Азаматтарға арналған үкіметке» жүктелмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ендігі уақытта атаулы әлеуметтік көмек және тағы 11 жәрдемақылық төлем «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік төлемдерді орталықтандыру бағытындағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Ендігі уақытта атаулы әлеуметтік көмек және жергілікті атқарушы органдардың шешімімен тағайындалатын 11 әлеуметтік көмек төлемін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады. Бұған дейін ол міндетті жергілікті атқарушы органдар атқарып келді», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, әлеуметтік және еңбек саласы бойынша қызмет алуды жеңілдете түсу жұмысы жалғаса береді.

«Осы күнге дейін іске асып жатқан іс-шаралар қызметке жылдам қол жеткізіп, ашықтықты қамтуға арналған. Сол сияқты қызмет түрлерін цирфлық форматқа көшіру арқылы адами факторлардың алдын алу көзделеді», - дейді ол.

Брифинг барысында еңбек және әлеуметтік салаға қатысты бірқатар жаңашылдық айтылды. Атап айтқанда, елімізде мүгедектікті тағайындау процесі жаңарады.

Келесі жылы әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесі көтеріліп, жалақысы артады.

Оқу бітірген түлектерге мамандығы бойынша кәсіби біліктілігін растау міндетеледі, стандарттар әзірленіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар