Атаулы әлеуметтік көмек жаңа өмір бастауға көмектесті – Павлодар тұрғыны

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Арыс қаласынан Павлодар облысының Майқоңыр ауылына қоныс аударған Серік Жәдігердің көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға дән риза. Қоныс аударушылар атаулы әлеуметтік көмекті және басқа да төлемдерді алып, алаңсыз жаңа өмір бстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Көпбалалы үйдің отағасы Серік Жәдігер 2017 жылы елдің солтүстік өңіріне көшу туралы шешім қабылдаған. Қоныс аударуға бірден бір себеп - осы әулеттің қызы, бала кезінен мүгедектігі бар, 5 рет күрделі ота жасатқан 5-сынып оқушысы Әсемай Кәрім болды. Қыз баланың денсаулығы шұғыл түрде климат жағдайының ауысуын қажет етті.

«Біздің алты баламыз бар. Биылғы сәуір айында бізге 1 млн 567 мың 200 теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, ай сайын 130 мың 600 теңге аламыз. Сондай-ақ, бізге жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға 176 мың 750 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл ақшаға біз сиыр сатып алдық. Енді біз дүкеннен сүт өнімдерін сатып алмаймыз – бәрі табиғи. Тағы бізге «Отау ТВ» телевизиялық қосымшасын орнатып берді. Әрине, туған өлкемізді сағынамыз, бірақ бұл жақ та бізге өте ұнайды», – дейді Серіктің жұбайы Маржан Нәлібаева.

Ертіс аудандық мәслихатының шешімі бойынша бұл көп балалы отбасының 4 баласын мектепке дайындауға 50 мың 500 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлем көрсетілді.

«Серік Жәдігер тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Енді ол Майқоңыр ауылы әкімінің аппаратында жүргізуші болып жұмыс істейді. Оның жұбайы Маржан Нәлібаева Майқоңыр ауылдық клубына техникалық қызметкер болып жұмысқа орналасты», – деп хабарлады Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Гүлнар Камалова.

Сонымен қатар, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында Серік Жәдігерге ұсақ мал өсіру үшін 1 млн 500 мың теңге сомасында микрокредит алуға көмек көрсетілді. Бұл қаражатқа ол өзінің жеке қосалқы шаруашылығы үшін 50 бас қой сатып алды.

«Отбасымызға жаңа орында нақты көмек көрсетілді, балалардың мектепке керек-жарағын алуға да көмектесті, жұмысқа да орналастырды. Ал АӘК-тің көмегімен отбасымның әл-ауқаты айтарлықтай жақсарды. Енді біз жақсы өмір сүріп жатырмыз деп айта аламын», - дейді Серік Жәдігер.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Гүлнар Камалованың ақпаратынша, қазіргі уақытта 59 отбасы жалпы сомасы 19 млн 200 мың теңге сомасында әлеуметтік көмек алады. Оның ішінде 42 отбасыға 100 АЕК көлемінде 10 миллион 600 мың теңге, 17 отбасыға әрқайсысына - 200 АЕК-тен, жалпы сомасы 8 миллион 600 мың теңге төленеді.

Естеріңізге сала кетейік, 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам. Сондай-ақ, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам аталмыш жәрдемақыны алып отыр. 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.



Соңғы жаңалықтар