Атаулы әлеуметтік көмек құрылымында балалы отбасылар басым

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер бойынша күнкөрісі төмен көп балалы отбасылардың 75,7 пайызы оңтүстік өңірлерде тұрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың құрылымында  балалы отбасылар басым. Олар шамамен 41 пайызын құрайды. Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер бойынша күнкөрісі төмен көп балалы отбасылардың 75,7 пайызы оңтүстік өңірлерде тұрады. Атап айтқанда, Шымкент қаласында, Түркістан облысында, Қызылорда облысында, Жамбыл облысында және Алматы облысында орналасқан», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың құрылымында 25 пайызын толық емес отбасы құрады. Бұдан басқа, шартсыз ақшалай көмек алушылардың құрамында толық емес отбасылардың үлесі 87,4 пайыз.

«Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасынан  әлеуметтік статустар бөлінісінде балалардың саны көбірек - 321,1 мың бала немесе 63,7 пайыз», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Басқа санаттарға төмендегі адамдар кіреді: балаларға, мүгедектерге, қарттарға күтім көрсетумен айналысатын адамдар - 18,6 пайыз (тоқсан үш мың жеті жүз адам);  көмекке жүгінген сәтте жұмыс істеп жүрген адамдар - 8,4 пайыз ( қырық екі мың екі жүз адам); өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 4,7 пайыз) ( жиырма үш мың жеті жүз адам); жұмыссыздар - 1,8 пайыз.

Сондай-ақ студенттер - 2,1 пайыз (он мың төрт жүз адам);  мүгедектер - 0,5 пайыз (екі мың алты жүз адам); зейнеткерлер - 0,3 пайыз ( бір мың төрт жүз адам).

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын жетілдіру бойынша ұсыныстар пысықталып жатқанын мәлім етті.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова кедейлік деңгейін төмендетуге қатысты мәліметтерді жариялады.

 

Соңғы жаңалықтар