Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны оңтайландырылады – Ерұлан Жамаубаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны оңтайландырылады. Бұл бағытта екі бірдей министрлік бірлесіп жұмыс істемек. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір қаржы көздерін ойластыратын боламыз. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын оңтайландыру қажет. Себебі оның белгілі бір критерийлері бар. Бұл бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бірлесіп жұмыс жасаймыз. Біз тапсырманы алдық, енді оның шешімін іздейміз», - деп қысқа қайырды Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында биыл 1 қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 14,5%-ға өсіруді ұсынған еді.

«Асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар», - деген еді Президент.


Соңғы жаңалықтар