Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқартыла ма – Үкімет жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын мұқтаж жандардың санын қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Осы орайда Үкімет қандай шешім қабылдамақ? Сұраққа Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік мемлекет ретінде мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетеміз. Егер жұмыс істегісі келетіндер болып, денсаулығы жараса біз оларды еңбекпен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл жерде масылдық болмауы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алатын жандардың санын қысқарту туралы ұсыныс енді келіп түсті. Аталған көмек түрі жетілдіріліп жатыр. Егер осыдан 1,5 жыл бұрын мұқтаж отбасылардың жан басына берілетін атаулы әлеуметтік көмектің көлемі 6 мың теңге болса, қазір ол 12 тыс теңгеге жетті», - деді Алтай Көлгінов елордада өтіп жатқан «Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту» атты форум барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, қазір АӘК алатындарды қысқарту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ, керісінше ол жетілдіріледі.

«Бұл мұқтаж жандарға жақсы қолдау. Елімізде Әлеуметтік кодекс қабылданды. Онда әр отбасының цифрлық картасы бар. Оны толық цифрландырған кезде біз қай отбасының мемлекеттік қолдауға мұқтаж екенін анықтап, тиісті көлемде көмек көрсетеміз. Бірақ адамдардың мүмкіндігі болса, денсаулығы жарап, еңбек еткісі келетіндерді жұмыспен қамтуымыз керек», - дейді ол.

А.Көлгінов келтірген мәліметке сәйкес, елімізде 1 миллионға жуық адам АӘК алады.


Соңғы жаңалықтар