Ататүріктің «Жолдау» кітабы қазақшаға аударылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН, ҚазАқпарат - Халықаралық Түркі академиясы Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығына арнап ауқымды шара өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тарихтан тағылым: Түрік ұлт-азаттық күресі және Ататүрік» атты конференциядан басталған шаралар кешені арнайы көрмеге ұласып, Ататүріктің «Жолдау» атты кітабының қазақша нұсқасының тұсаукесері өтті.

Шараға Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан және Түрікменстанның елшілері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар және этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.

Халықаралық Түркі академиясы шығарған «Жолдау» кітабы бүгінде түркі әлеміне ортақ жәдігер саналады. Түркия мемлекетін құрушы тұлға Мұстафа Кемал Ататүрік аталмыш еңбегін өз қолымен жазып жүйелеп, 1927 жылы Анкарада Ұлттық мәжілісте өз аузымен 36,5 сағат бойы оқыған деген дерек бар. Оқырман қауым сол еңбекпен қазақ тілінде танысуға мүмкіндік алып отыр.

Конференция барысында сөз алған Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі аталмыш датаның түркі әлеміндегі орны ерекше екенін атады.

«Осыдан тура 100 жыл бұрын Түркі дүниесінің ержүрек ұлы Мұстафа Кемал Ататүрік Түркияны азат етуге атқа қонды. Биыл біз бұл жылды Ататүрік жылы деп жариялағанбыз. Осы жылдың аясында біз көптеген шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Солардың бірі Ататүріктің «Жолдау» атты кітабын жарыққа шығарып отырмыз» - деді ол.

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык айтулы тарихи оқиғаның мән-маңызына тоқталды.

Ал, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі Кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахмет баяндама жасады.

«Мұстафа Кемал Ататүріктің «Жолдау» деген шығармасы Османлы мемлекетінің ыдырауы, Ататүріктің басшылығымен жүргізілген түрік халқының ұлт-азаттық күресі және Түркия Республикасының жарияланып, қалыптасуына қатысты мәліметтерге аса бай еңбек. Ол сондай-ақ Ататүріктің тәуелсіздік жолындағы күрес философиясынан да мол мағлұмат береді. «Жолдау» алғаш Түркияда 1927 жылы біреуі негізгі мәтін, екіншісі құжаттар ретінде араб әріптерімен екі кітап болып басып шығарылған болатын» - деді Әділ Ахмет.

Кітапхана фойесіне қойылған көрмеде Түркия Республикасының қалыптасу тарихын баяндайтын 40-тан астам фото қойылды.

Соңғы жаңалықтар