Атамыздың жерленген жерін білмейміз – қуғын-сүргін құрбанының шөбересі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1937 жылы тек Шығыс Қазақстан облысының өзінде 1350 адам қамауға алынып, 300 адам ату жазасына кесілген. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірінің ұрпағы – Светлана Футкомаз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жері үлкен бір түрмеге айналып, Алжир, Степлаг, Карлаг сияқты ірі колониялар пайда болды. Елімізде есімдері қаралы парақ беттерінде жазылған және өмірлері аса қатыгездікпен қиылған жандардың туған-туысқандары жыл сайын 31 мамырда тарихқа үңіліп, ата-апаларын еске алады.

Светлана Футкомаз қазір Шемонаиха ауданында тұрып жатыр.

«Талай жылдар бойы біз 1878 жылы туған үлкен атамыз Викула Борисов жайлы ештеңе білмей келдік. Әжем әкесін 1937 жылы НКВД қызметкерлері алып кетіп, кейін із-түзсіз жоғалғанын айтып берген. Үлкен атамыз Шемонаиха ауданында Үбе өзені арқылы өтетін паромда жұмыс істеді. Осы ауданда тұрып, қарапайым шаруа болған. Тек 2017 жылы ғана біз атамыздың қайтыс болғаны туралы тарихи құжаттарды мұрағаттан іздеп таптық. Үлкен атамыз НКВД-мен тұтқындалып, кінәлі деп танылып, бір аптадан кейін атылып кеткен екен. Сол құжаттарды қолыма алып, оқып отырған кезде көзімнен жас тоқтамай ақты», - деп әңгімелеп берді аудандық газет тілшісі С.Футкомаз ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ОВ 156/6 мекемесінің қызметкерлеріне.

Светлана сол кезде қарапайым шаруаның жоқ болып кетіп, ешқандай сот үкімінсіз атылуы өте өкінішті екенін айтады.

«Сол заманда себептен-себепсіз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адам саны көп болды. Тіпті қазірге дейін атамыздың жерленген жерін білмей отырмыз. Бұл - біздің тарихымыз. Ал тарих мәңгі есімізде қалады», - деді саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаның шөбересі.


Соңғы жаңалықтар