Атамекеннің съезі: Шағын бизнес жарна төлеуден тағы үш жылға босатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезінде шағын бизнесті жарна төлеуден тағы үш жылға босату мәселесі дауысқа салынды. Делегаттардың басым бөлігі аталған бастаманы қолдады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палата басшысы Абылай Мырзаxметовтың айтуынша, бес жыл бұрын «Атамекен» құрылғанда депутаттар шағын бизнесті жарна төлеуден босатуды талап етті.

«Бұл дегеніміз, 108 миллион теңгеге дейін ақша айналымы бар кәсіпкерлер жарна төлемейді. Енді, өтпелі кезеңнен кейін осы бастама тағы ұзартылып отыр», - деді А.Мырзаxметов.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республика бойынша бір миллионнан астам бизнесмен бар. Заң бойынша барлығы «Атамекеннің» мүшесі болып саналады. 2014 жылдан бері жарнаны ірі және орта бизнес өкілдері төлеп келеді. Ол - шамамен 22 000 кәсіпкерлік нысан. Ал ақша айналымы 60 000 АЕК-тен аспайтын кәсіпкерлер жарна төлеуден тағы үш жылға босатылып отыр. Олардың дені - жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермерлік қожалықтары. «Атамекен» ҰКП барлығына тең дәрежеде көмек көрсетіп отырады.

Ал фермерлер одағының басшысы Әуезxан Дарынов шағын бизнесті жарна төлеуден босатуға қарсы. Оның айтуынша, жарнаның сомасы көп емес. Сондықтан аталған төлем жасалса, жергілікті жерде кәсіпкерлерге көмек беру шаралары күшейеді. Салалық ұйымдардың қаржылық жағдайы да жақсарады.

«Жылына 12 мың теңге көп қаржы емес қой. Оны төлесе, әрбір ауданда өкілдерді ұстауға болады. Мысалы, қазір фермерлер одағының өкілдері тегін жұмыс істеп жатыр. Мынау Солтүстік Қазақстанда миллиондаған гектар егін қардың астында қалып қойғанда оның бәрін кім көтерді? Фермерлер одағының өкілдері көтерді? Қаржы алып жатқан адамдар емес, тегін жұмыс жасайтындар көмектесті. Ал біздің өкіліміз қосымша қаржы алса, ол одан да қатты жұмыс істейді. Сосын төтенше жағдайда қаржылай көмек алуға болады», - дейді Ә.Дарынов.

Айта кетейік, съезд кезінде Үкімет пен «Атамекен» ҰКП арасында жаңа келісімге қол қойылды. Себебі келесі айда бесжылдық келісімнің мерзімі аяқталады. Осыған байланысты билік кәсіпкерлер ұйымының құрамынан шығады. Ал қазіргі әріптестік жаңа келісімнің негізінде жалғасады.

«Енді, өздеріңіз жақсы білесіздер, нәресте дүниеге келгенде ата-анасы оны әлпештеп өсіреді. Аяғына тұрғанша қамқорлық жасайды. Ал аяғына тұрып кеткен баланың түйсігі болса, ол ата-анасына қамқорлық жасайды, өзіне тірек болады. «Атамекен» бес жылдың ішінде жылдап емес, күнде өсті. Бес жылда жүріп өткен жолын қараңыздар. Бүгінде «Атамекен» Үкіметтің тірегіне айналды. Бес жыл өтті. Енді, біз өз өкілеттігімізді тоқтатып, қазақша айтқанда «Атамекеннің» еншісін бөліп беріп, үлкен жолға шығарып отырмыз. Біздің айтарымыз, ақ жол!», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Фото: atameken.kz

Соңғы жаңалықтар