«Атамекен» жаппай тәртіпсіздіктерден бизнеске келген шығынды өтеу механизмін әзірледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда болған жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан отандық бизнес шығынға ұшырады. Бүгінде кәсіпкерлерге келген залал есептеліп, оны өтеудің жолдары қарастырылып жатыр.

Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов шығынды өтеудің механизмдері туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің залалын өтеу тәсілдері әзірленді. Бұл жұмыс «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдерімен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып жүріп жатыр. Сондай-ақ, залал келген кәсіпкерлер шығынын есептеу және өтеу мәселесі бірінші вице-премьер Роман Склярдың төрағалығымен өткен үкіметтік комиссия отырысында да айтылды», - деді Нариман Әбілшайықов.

Сонымен бизнеске келтірілген залалды өтеу процесі қалай жүреді ?

1) кәсіпкер өтеу туралы өтінімді қажетті құжаттармен қоса, InfoKazakhstan арқылы жібереді. Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойылады.

2) өтінімді өңірлік комиссия қарайды.

3) өңірлік комиссия залалды өтеу сомасын мемлекеттік бюджеттен бөлу туралы шешім шығарады.

4) қаржы мемлекеттік бюджеттен зардап шеккен кәсіпкердің пайдасына аударылады.

Осы ретте «Атамекен» ҰКП үкіметтік комиссия залалды өтеу процесі барынша жедел орындалады деген үміт білдіреді.

Өтеуге тиесілі сома қалай есептеледі?

Өтеу сомасының есебі келтірілген залалдың 3 түрі бойынша анықталады:

- жылжымайтын мүлік (ғимараттар мен құрылыстар);

- бүлінген жылжымалы мүлік пен жабдық;

- ұрланған тауарлар.

«Бизнеске келген залалды өтеудің объективті, расталған және тез анықтайтын әдісі қаралып жатыр. Сондай-ақ, бағалаушылардың жұмыс тәртібі мерзімі, рөлі, әрекет алгоритмі анықталады. Соңғы күндері мессенджерлерде «бағалау компаниялары бұл жұмысқа тартылмайтыны, сондықтан оларға кәсіпкерлермен бағалау шартын жасамауға шақыратын» хабарлама тарап жатыр. Мұндай жалған ақпаратқа жол бермеуіміз керек. Осы мәселе бойынша Әділет министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінен ресми позицияны күтеміз», - дейді ол.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарастырып отырған келесі мәселе залалды өтеу туралы шешім қалай шығарылады?

«Жақын күндері Үкімет кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу механизмін қабылдайды. Бұл механизм жоғарыда аталған процедураларды, соның ішінде өңірлік комиссиялар туралы ережені регламенттейді. Құжаттың жобасын «Атамекен» ҰКП мамандары дайындап, мемлекеттік органдарға жіберіп қойды. Барлық нормативтік құжат бекітілген соң InfoKazakhstan сайтында қолжетімді болады. Комиссия құрамына әкімдік, мәслихат, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін кіргізу ұсынылған», - деді ҰКП төрағасының орынбасары.

Оның айтуынша, залалды өтеу туралы шешімді кәсіпкердің өтініші және жоғарыда сипатталған тиісті құжаттар негізінде қаржыландыру көзіне байланысты өңірлік комиссия немесе қор комиссиясы шығарады және залалды өтеуге өтінім оның механизмі бекітілген соң қабылдана бастайды.

«Кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдаудың бірыңғай орны InfoKazakhstan платформасы болып белгіленді. Жұмысты іске қосу үшін техникалық мүмкіндік қарастырылған. Одан бөлек, 11 қаңтарда жанашыр бизнес өкілдерінің бастамасымен «Күшіміз Бірлікте» – «Сила в единстве» қоры құрылды. Бұл қор зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсетуге дайындығын білдірді. Қазір қор нақты ережелерді әзірлеп жатыр. Ондағы тәсілдемелер Үкімет комиссиясы бекіткен механизмге сәйкес реттеледі», - дейді Н. Әбілшайықов.

Одан бөлек, бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен бизнесті одан әрі қолдау бойынша Үкіметке ұсыныстар пакетін дайындап жатыр.


Соңғы жаңалықтар