«Атамекен» ҰКП: Жер қатынастары - жемқорлық дендеген бес саланың бірі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер қатынастары - еліміздегі сыбайлас жемқорлық дендеген бес саланың қатарына енген. Бұл туралы бүгінгі отырыста «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің мүшесі Нұрлан Құдайбергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бизнес өкілдерінің пікірінше, жер қатынастары - жемқорлық дендеген сала.  Оған «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының жүргізген зерттеу нәтижелері дәлел. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы жыл сайын жүргізетін «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау ұлттық индексінің» қорытындысы бойынша жер қатынастары елімізде сыбайлас жемқорлық ең қатты дендеген бес саланың бірі болып танылған», - дейді ол.

Нұрлан Құдайбергеновтың айтуынша, рұқсат құжаттарын берудегі ведомствоаралық мақұлдаудың ашық жүргізілмеуі, өкілетті тұлғаның «көмегінсіз» жер мәселесі бойынша нақты әрі толық ақпаратты алу қиындығы, жер учаскелеріне құқық беруде мемлекеттік органдардың уәжсіз немесе негізсіз бас тартуы жер қатынастарында әкімшілік кедергілер тудырып, мұның соңы сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне әкеліп отыр. 

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметі бойынша, 2017 жылы жер қатынастары саласында 150 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған. Жемқорлық жағдайлары әсіресе Маңғыстау облысында (50), Жамбыл облысында (42), Павлодар облысында (22) тіркелген. Оның ішінде пара алу, алаяқтық, жер учаскелерін беруде қызметтік лауазымды асыра пайдалану фактілері басым», - дейді Нұрлан Құдайбергенов.

Отырыс барысында баяндама жасаған «Атамекен» ҰКП өкілі құқық бұзуға итермелейтін себептердің қатарында бос жер телімдері туралы ақпараттың болмауы, жер алу кезегінің сақталмауы барын айтады.

«Бұған қоса, жерді саудалау кезінде байқау комиссиясы құрылады. Ал, көп жағдайда комиссия құрамына мүдделі лауазымды тұлғалар ғана кіреді. Осылайша, өкілетті орган тарапынан жергілікті атқарушы органдар жұмысына деген лайықты бақылаудың болмауы заң бұзуға қолайлы жағдай тудырады. Өңір кәсіпкерлерінің әлі де бос жерлерге қол жеткізу мүмкіндігі төмен. Ал, ауыл шаруашылығына арналған ауқымды арнайы жер учаскелері игерілмей бос жатыр. Бос жер учаскелері туралы ақпаратты алу үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілері жергілікті атқарушы органдарға бірнеше рет өтінім жасауға немесе лауазымды қызметкерлерге шығатын өзге жол іздеуге мәжбүр», - дейді ол.

Жер қатынастары мәселесін көтерген «Атамекен» ҰКП өкілдері жиын қорытындысы бойынша өкілетті органдарға орын алған мәселенің құқықтық жағын күшейту, сонымен қатар жер қатынастарындағы реттеу мен бақылау жүйесін жаңғыртуды ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар