«Атамекен» ҰКП Тұңғыш Президентке алғыс білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық бизнес-қауымдастығы атынан ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа отандық кәсіпкерлікке танытып отырған қолдауы үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің бастамаңызбен Қазақстанда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылды. Осылайша отандық кәсіпкерлердің ортақ шаңырағына айналып, әлемдік нарықта ел бизнесінің тең дәрежеде өзін танытуына бар мүмкіндіктер жасалды. Сіздің ұстанған сындарлы саясатыңыздың арқасында елімізде кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға теңдессіз мүмкіндіктер жасалып, Қазақстанның бизнеске қолайлы жағдайды қалыптастырғаны еленіп, әлемдік Doing Business рейтінгісінде алдыңғы отыз елдің қатарына енді», - деп атап өтеді ел кәсіпкерлері.

Кәсіпкерлер дерегінше, бүгінде елімізде 1,2 миллионнан астам кәсіпкер бизнесін жүргізуде.

«Бұл ең алдымен Сіздің жүргізген экономикалық реформаларыңыздың нәтижесі! Қарапайым металлургтан басталған еңбек жолыңыз баршамызға еңбекке деген адалдықты, Отанға деген құрметті дәріптейтін баға жетпес үлгі! Бір ғана Сіздің өмір жолыңыз миллиондаған отандастарымыздың жарқын болашаққа, өзінің қабілеті мен мүмкіндігіне деген сенімін еселей түстетінін атап өткіміз келеді. Біз, Қазақстан кәсіпкерлері, еліміздің даму бағыты Сіз салған сара жолмен жүретініне сенімдіміз. Кез келген үлкен істің қалай дамитынын алғашқы қадамдар айқындайды. Кез келген мемлекеттің экономикасы оның бизнесінің дамуымен тікелей байланысты. Ал бизнестің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін еліміздегі басты тұғырды Сіз қалап бердіңіз!», - деп атап өтеді «Атамекен» ҰКП.

Сонымен қатар онда бизнес-қауымдастық Елбасы артқан міндеттерді, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті толық сезінетіндігі, елдің стратегиялық мақсаттарын орындауда бар күш-жігерін салатындығы айтылған.

«Сізге зор денсаулық, барлық ісіңізге сәттілік пен ұзақ ғұмыр тілейміз! Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен даналығыңыз Қазақстанның әрі қарай өркендеуіне cерпін беретініне нық сенімдіміз!», - деді ел кәсіпкерлері.

Соңғы жаңалықтар