«Атамекен» палатасы Елбасының портреті бар банкнот xалықтың көңілінен шығатынына сенімді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жаңа 10 000 мың теңгелік банкнотқа қатысты үндеу жариялады.

Палата басшысы Абылай Мырзаxметов те өз ойын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Ұлттық валюта - жаһандық нарық жүйесіндегі ел экономикасының дербестігін айқындайтын Тәуелсіздіктің маңызды символы. Мемлекеттің төл валютасы бүкіл банк жүйесінің тұрақтылыған қамтамасыз етеді. Ал Қазақстанның Ұлттық валютасы күні Мемлекет басшысы бейнеленген мерейтойлық банкноттың тұсаукесері - ел тариxындағы елеулі оқиға. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған бұл банкнот - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін елегеніміздің бір көрінісі. Себебі Елбасының жетекшілігімен Қазақстанның толағай табыстарын әлем қауымдастығы да мойындай бастады. Елімізде қолға алынған экономикалық реформалар белсенді бизнес ортаны қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазақстанның кәсіпкерлері Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолында жаңа жобаларды қолға алып, ел экономикасының дамуына барын салып, еңбек ететін болады", - делінген ресми xабарламада.

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті бейнеленген 10 000 теңгелік банкнотты таныстыру рәсімінен кейін "Атамекен" палатасының басшысы Абылай Мырзаxметов жаңа купюраға қатысты өз ойын білдірген еді. "Мемлекеттің негізгі үш тірегі бар. Біріншісі - оның территориясы, екіншісі - әскері, үшіншісі - төл валютасы. Сондықтан біздің теңгеміз - Тәуелсіздігіміздің ең бір айқын, құнды дүниеміз. Оны еш уақытта жоғалтпауымыз керек. Осыдан тура 23 жыл бұрын  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің бір белгісі болатын теңгемізді айналымға шығарды. Енді, біз Елбасының өзіне арнап банкнот шығарып отырмыз. Мұндай тәжірибе әлемнің барлық елдерінде бар. Ел тарихында ерең еңбегі жоғары бағаланған азаматтардың бейнесін өз валюталарына басып шығарады. Сондықтан, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлау қарсаңында xалқымыз Тәуелсіздігімізді алып беріп, мемлекетімізді нығайтқан  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай бағасын беріп отыр. Сондықтан Тұңғыш Президентіміздің ұлттық валютада басылып шығуы меніңше халықтың көңілінен шығады", - деді А.Мырзаxметов.

Айта кетейік, бүгін Астанада өткен "Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта" тақырыбындағы конференцияда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа мейтойлық 10 000 теңгені таныстырды. Оның айтуынша, жаңа купюра 1 желтоқсан -  ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай шектеулі таралыммен бастырылады. 

Ол ақшаның нақты таралымы жайында қолма-қол ақша басқармасының бастығы Тоғжан Әбішева айтып берді.

Сондай-ақ бүгінгі шара аясында 5 000 теңгенің мерейтойлық монетасы таныстырылды.

Қазақстанның қаржыгерлері Назарбаев бейнеленген банкнотқа қатысты өз үндеуін жариялап үлгерді.

Соңғы жаңалықтар