«Атамекен» палатасы ел экономикасын скринингтен өткізуді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде бизнеспен айналысамын дейтін азаматтар нақты қай салада жеке кәсіп ашуды білмейді. Осыған байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ел экономикасын скринигтен өткізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық экономикаға скрининг өткізетін кез келді. Себебі жеке бизнесті ашқысы келетін адамдар көп. Алайда нақты қай кәсіпке сұраныстың барын білмейді. Сондықтан әрбір аймақтың экономикалық әлеуетін терең зерттеп, нақты маркетингтік талдауды ұсыну қажет», - деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов президиумның кеңейтілген отырысында.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс жүйесін өзгертуді ұсынып отыр. Себебі аталған салада ашықтық қағидаты сақталмайды.

«Мемлекеттік тапсырыс нақты сұранысқа негізделуі тиіс. Ал сұранысты зерттеудің нәтижесінде білуге болады. Сондай-ақ, біздің арнайы рейтингімізге сүйену керек», - деп атап көрсетті Шотанов.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында «Атамекен» палатасы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа құрылыс саласындағы демпинг мәселесі бойынша шағымданды.  

Соңғы жаңалықтар