«Атамекен» меморгандардың деректер базасы көрсетілген бизнес-реестр құрады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов бизнестің жүйелі мәселелерін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бизнеске жүргізілетін тұрақты бақылау арқылы 621 мәселе анықталған және оның 491-і немесе 79% шешілген.

«Мәселен, «көліктегі бизнеске» кедергі жойылды, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға газ жеткізу үшін аванстық төлемдер алынып тасталды, тұрақты автомобиль тасымалы бойынша кәсіпкерлік субъектілерін 3 жылға ҚҚС төлеуден босату туралы норма енгізілді. Келесі жылдың аяғында мәселелердің көпшілігі шешіледі деп үміттенеміз», - деді Р. Жүрсінов ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен депуттармен кездесуде.

Оның айтуынша, «Атамекен» үшін бизнес ортаны жақсартумен қатар тұтынушылар құқығының бұзылмауы да маңызды. Кәсіпкерлердің адалдық дәрежесін анықтау үшін кәсіпкерлік субъектілерінің бірыңғай бизнес-тізілімі құрылады. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың 100-ден астам әртүрлі деректер базасы бар. Бірыңғай бизнес-реестр осы барлық мәліметтер базасын біріктіреді. Нәтижесінде әр кәсіпкердің толық «ақпараттық портреті» шығады. Парламенттің қолдауымен Бірыңғай бизнес-реестрді 2020 жылдың екінші жартысында іске қосуға болады.

Сонымен бірге Р. Жүрсінов Қазақстанда өзін-өзі реттеу институтының дами қоймағанын атап өтті. Бизнес жағынан да, мемлекеттік органдар тарапынан да жүйелі мәселелер бар. Бизнес әлі де жауапкершілікті қабылдауға дайын емес, мемлекеттік органдар реттеуші өкілеттіктен бас тартқысы келмейді. Парламентпен бірлескен «Жол картасы» аясында бұл мәселені зерттеп, оның шешімін табу жоспарланып отыр.

«Мәселен, лифт шаруашылығы саласында жағымды мысал бар, бұл пилоттық жоба Нұр-Сұлтанда жүзеге асырылды. Мұнда өзін-өзі реттейтін ұйым құрылды, нарықта жұмыс істейтін субъектілердің тізілімі жаңартылды және 2400 лифт тексерілді. Лифт жұмысына арналған ұлттық стандарт әзірленді. Жоба жүзеге асырылғаннан бері апаттар саны азайды, сәйкесінше шағымдар 40%-ға азайды. Бұл оң тәжірибені тұтас елге тарату керек», - деді Рустам Жүрсінов.

Соңғы жаңалықтар