«Атамекен»: астанадағы аспан асты кешеніне саяхат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде еліміздің тарихи-мәдени нысандары мен көрнекі жерлерінің макеті ұсынылған. Онда келушілер Бекет ата мешіті, Байқоңыр ғарыш айлағы, Медеу мұзайдыны, Айша бибі мавзолейі сияқты айтулы нысандардың кішірейтілген үлгісін тамашалай алады. Аталған кешен бүгінде туристердің сүйікті мекеніне айналды. Елорда күніне орай, ҚазАқпарат тілшісі аспан астындағы музейдің жұмысымен танысқан еді.

Қазақстанның картасына негізделіп жасалған «Атамекен» этно-мемориалдық кешені 2001 жылдың 8 қыркүйегінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Саяхатшылар кешенге нысандарды көруге ғана емес, гидтердің аузынан жергілікті көрікті жерлер туралы қызықты да әсерлі аңыздарды естуге келеді.

«Атамекен» кешені қызметінің мақсаты – халықты тарихи-мәдени және рухани құндылықтармен таныстыру, Қазақстан мәдениетінің жетістіктерін насихаттау. Сонымен қатар, Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеуге үлес қосып, еліміздің табиғи ерекшелігі мен экономикалық жетістіктерінің көркемдігін көрсету, мәдени құндылықтарды сақтау және көбейту.

Аспан астында орналасқан танымдық-көркемдік кешен мемлекет тарихымен, оны мекендеген халықтардың мәдениетімен таныстырады. Стильдендірілген таулар, төбелер, дала, ормандар, көлдер мен ірі қалалар макеті – мәдени орталықтың символы. Қазақстанның картасы негізінде жасалған кешендегі қызығушылық тудыратын нысанның бірі – Каспий теңізінің моделі.

«Жаңа салаларға келетін болсақ, біз елде болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалаймыз. Ең қызықты, діни, тарихи, мәдени нысандар осында көрініс табады», - деп түсіндірді мұражай өкілі.

Кешен ішінде еліміздегі әрбір өңір және сол аймақтың көрікті жерлері көрсетілген. Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша 23 нысан орналастырылған. Оның қатарында Абат Байтақ кесенесі, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион, Металлургтер мәдениет үйі, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония, Ақтөбе мыс компаниясы, Мұғалжар таулары, Ақбота-Сәңкібай тауы және басқа да маңызды объектілер бар.

Қостанай облысының көрікті жерлерінен Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинаты, Шақшақ Жәнібек атындағы мұражай, түйеқұс фермасы, сағаты бар үй, Кейкі батырдың кесенесі ұсынылған.

Одан әрі жол Қазақстанның оңтүстігіне апарады. Қызылорда облысының маңызды нысандарынан Қорқыт Ата мемориалдық кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы және Арал теңізі ұсынылған.

Еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласы жаңа нысандармен толықты. Ал, Жамбыл облысының тарихи құнды мұрасы – Айша бибі, Бабаджа хатун және Қарахан кесенесінің кішірейтілген көшірмесін көре аласыз.

Ғимараттар мен көрікті нысандар макетін құрумен мұражайдың қалпына келтіру бөлімінің қызметкерлері айналысқан. Реставраторлар нысандардың макетін дәл келтірген. Тіпті, аймақтарды бір-бірімен байланыстыратын теміржол ұсынылған. Ауа райы құбылыстары ескеріле отырып, макеттер үнемі боялып, әктеледі.

Кешендегі үлкен аумақты Алматы қаласы алып жатыр. Мұнда Тянь-Шань таулары, «Қазақстан» қонақ үйі, Абай Құнанбайұлының ескерткіші, телемұнара, «Медеу» биік таулы спорт кешені, «Алматы Арена» мұз сарайы, Свято-Вознесенский кафедралды соборы және басқа да нысандар орналасқан.

Алматы облысының аумағында өңірдің 31 объектісінің макеті орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай және Тарбағатай тауларымен, Ертіс өзені арқылы өтетін көпірмен, Металлургтер мәдениет сарайымен, Шыңғыс тауларымен, «Патшалар Алқабы» күмбезінің астындағы мұражаймен, Шүлбі және Бұқтырма ГЭС-імен бейнеленген. Әсіресе, «Өлімнен де күшті» монументі ерекше әсер қалдырады.

«Өлімнен де күшті» монументі – Семей ядролық полигонындағы сынақтардың құрбандарына арналған мемориал. Мемориалдың биіктігі – 25 метр. Ол құрастырмалы-монолитті темірбетоннан құйылған, жылтыр гранит блоктарымен және габбро (Семейдің қара гранитінен) плиталарымен қапталған. Сондай-ақ, монументте ақ мәрмәрден жасалған ананың мүсіні тұр. Ол денесімен баласын қорғаштайды. Бұл – ана махаббатының символы, баланы барлық қиындықтар мен қолайсыз ауа райынан қорғауға қабілетті деген мағынаны білдіріп тұр.

Павлодар облысының аумағында 17 макет бар. Олардың қатарында Павлодар алюминий зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Баянауылдағы мемориалдық мұражай, Благовещенск соборы, Малайсары батыр ескерткіші және басқа да нысандарды көруге болады.

Елорданың оң жағалауындағы басты объектілер арнайы алаңда орналасқан. Нысандарға келсек, қалалық әкімдік ғимараты, Тұңғыш Президент мұражайы, «Алау» мұз сарайы, «Жастар» театры, Қаржы министрлігінің банкнот түрінде салынған ғимаратын тамашалай аласыз.

«Елорданың бас символы – «Бәйтерек» монументі де бар. Оның биіктігі – 97 метр, яғни 1997 – ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру жылын білдіреді. Елорданың барлық негізгі нысандары бір желіде орын тепкен. Музейдегі елорда бөлігін жапондық сәулетші Кисе Курокав жасаған», - деп толықтырды кешен қызметкері.

«Атамекен» Қазақстан картасы кешеніндегі нысандар бір-бірін қайталамайды және Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын бейнелейді. Реставраторлар түрлі мәдениеттер мен этностар үйлерінің макетін де жасаған. Музейді тамашалаушылар корей, жапон, эстон, поляк, молдаван, белорус және басқа ұлттардың үйлері қандай болатынын көре алады.

Айта кетсек, кешенге кіру билетінің құны экскурсиясыз – 400 теңге, экскурсиямен – 600 теңге.



Соңғы жаңалықтар