«Атамекен» Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге қаржы жинап жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымдастық өкілдерін Арыс қаласындағы жарылыстардан зардап шеккен тұрғындарға қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Атамекен» ҰКП-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкенттің кәсіпкерлері көмек көрсетіп жатыр. Атап айтқанда осы кезде медициналық және психологиялық көмекті жеке клиникалар көрсетуде. Тұрғындарға уақытша тұрақтайтын орын тауып беріп, оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары да ұйымдастырылуда. Түркістан университеті жанынан 300 адамға арналған орын дайындалды»,-делінген хабарламада.

Өз кезегінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері де эвакуация кезінде жоғалып кеткен балаларды іздестіру жұмыстарына атсалысуда.

«Кәсіпкерлерді тек қаржылай ғана емес, мүмкіндігінше гуманитарлық көмек те көрсетуге шақырамыз. Гуманитарлық көмек бойынша, Түркістан облысы (Қонаева 83/1) мекенжайы және Шымкенттің (Қожанов көшесі, «Атамекен-2») өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады»,-деп хабарлады ҰКП.

Қаржы жинайтын есепті «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі ашты. Қаржыны компьютер немесе смартфоннан сілтемеге өту («көмек көрсеткім келеді деген белгіні басып) арқылы аударуға болады.

Сондай-ақ мына банк реквизиттерін пайдалануға болады: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Сығанақ көшесі, 25-ші үй БИН 180540015308 ИИК KZ759470398991370112 БИК ALFAKZKA «Альфа-Банк».

Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғандығын хабарлағанбыз.

Оқиға орнына шұғыл түрде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетіп, жарылыс аумағынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесті.

Соңғы жаңалықтар