Атақты Рой Джонс Қазақстанға екінші мәрте келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал америкалық кәсіпқой боксшы Рой Джонс 14 мен 17 тамыз аралығында Рудный қаласына  (Қостанай облысы) келеді, деп хабарлайды  «SPORTINFORM» CAA Инстаграм желісіндегі ergkazakhstan парақшасына сілтеме жасап.

«Рой Джонстың қолтаңбасын алуға және аңызға айналған боксшымен суретке түсуге мүмкіндік туады. Рудный қаласы ERG II Спартакиадасының арнайы қонағын күтеді. Спартакиадада Рой Джонспен бірге чемпиондық титул үшін жүретін жекпе-жекті тамашалау мүмкіндігін жіберіп алмаңыздар! Сіздерді 14-17 тамыз аралығында Рудный қаласының спорт алаңында күтеміз» делінген хабарламада.

Рой Джонс бұған дейін Қазақстанда болған. Атап айтқанда, 2016 жылы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған дәстүрлі турнир кезінде Қарағандыға келген.

Рой Джонс орта (IBF нұсқасы, 1993-1994), екінші орта (IBF нұсқасы, 1994-1996), жартылай ауыр (WBC нұсқасы, 1997, 1997-2002 және 2003-2004; WBA нұсқасы, 1998-2002; IBF нұсқасы, 1999-2002), бірінші ауыр (WBU нұсқасы, WBF нұсқасы) және ауыр (WBA нұсқасы, 2003) салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы болған. Бокс жөнінде жазатын Журналистердің америкалық қауымдастығы мен «Ринг» журналы 1990 жылдары Джонсты  «Оңжылдықтың боксшысы» деп атаған.  

Биылғы жылдың ақпан айында кәсіпқой рингтегі 75-ші жекпе-жегінде жеңіске жеткеннен кейін Рой Джонс 49 жасында маңсабын аяқтайтынын мәлімдеді. 

Фото: ekaraganda.kz

Соңғы жаңалықтар