Атақты күйшінің Елбасына сыйлаған домбырасы Атырауда сақтаулы

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат -Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға берген домбырасы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Домбыра Мемлекет басшысына 2000 жылы күй атасы Құрманғазыға арналған ескерткіштің ашылу салтанатында тапсырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сол кездегі оқиғаны облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұрынғы басшысы Нариман Үлкенбайұлы былай еске алады.

«Елбасы Н.Назарбаев Атырауға келген сапарында Азаттық көшесінің бойындағы Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысатындығы жоспарланған болатын. Осы салтанатты шарада сөз сөйлейтін Қаршыға Ахмедияров күні бұрын шебер Жақсылық Оспановқа арнайы тапсырыс беріп, домбыра жасатты. Елбасы күй қағанының қолынан домбыраны ризашылықпен алып, оны  облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған болатын», - деді Нариман Үлкенбайұлы.

Қаршығы Ахмедиярұлы  шығармашылық жолында қазақ мәдениеті мен өнерімен әлемге танылған, күй құдіретін мойындатқан тұлға.

«Домбыраның бетінде «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Құрманғазы бабамыздың әруағы қолдасын! Қаршыға. 4. VII.2000» деген жазу бар. «Үйеңкі ағаштың көп жылдық кептірілген түрінен жеті шанақты етіп жасалып, сабының бетіне майыспай, мықты болуы үшін қара қағаздан жапсырма салынған домбыраға қызығушылық танытатындар көп», -дейді музейдің бөлім басшысы Светлана Нұрпейісова.

Сондай-ақ, Нұрпейісова жалпы музейде сақталған басқа да домбыралар  туралы айтты.

«Қазақтың біртуар ұлдары мен қыздарының  қолданған домбыралары музей экспозициясынан орын алған. Иә, күллі қазаққа есімдері белгілі өнер иелерінің, атап айтсақ Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Қаршыға Ахмедияров домбыраларының Атырау музейінде сақталуы  үлкен мақтаныш. Музейге келуші көрермендердің домбыраны ұстап, шертуіне мүмкіндік қарастырылған», - дейді ол. 

Соңғы жаңалықтар