Атақты «Қара майор» өмірден озды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Ауған соғысының ардагері, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған, ҚР Қарулы Күштерінің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаев 71 жасында дүниеден озды. Бұл ақпаратты Алматы әкімшілігінің жанындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлері және мүгедектері бірлестіктерінің үйлестіруші кеңес төрағасы Мұрат Әбдішүкіров растады.

«Иа, ауыр сырқаттан бүгін таңертең қайтыс болды. Қашан, қалай жерленетіні туралы бүгін жиналыста талқылайтын боламыз»,- деді М.Әбдішүкіров.

Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 1970 жылы В. И. Ленин атындағы Ташкент әскери училищесін тәмамдаған. 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып, арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды. Сауатты басшылықтың арқасында батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырған. Пандшер шатқалында моджахедтердің атақты қолбасшысы Ахмад Шах Масудтың әскерімен соғысқан.

Оның ерлігі аңызға айналып «Қара майор» деген лақап аты күллі аймаққа жайылған. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты. Батыр туралы «Қара майор» фильмі түсірілген.

Фото: kazpravda.kz

Соңғы жаңалықтар