Атақты баскетболшы Коби Брайант тікұшақ апатынан қаза болды

None
None
АТЛАНТА. ҚазАқпарат - Жексенбі күні таңертең Калифорния штатындағы Калабасас қаласында болған тікұшақ апатынан қаза тапқан тоғыз адамның ішінде танымал баскетболшы Коби Брайант пен оның қыздарының бірі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

CNN телеарнасының хабарлауынша, 41 жастағы Брайант пен оның 13 жастағы қызы Джанна Мария Оноре Брайант Таузанд-Окстағы мамба спорт академиясына жаттығуға бет алған.

Лос-Анджелес округінің өрт қауіпсіздігі қызметінің басшысы Дэрила Осбидің айтуынша, Лос-Анджелестің орталығынан солтүстік-батысқа қарай 30 милл жерде тікұшақ апатқа ұшырап, отқа оранған. Апат салдарынан бортта болған тоғыз адамның барлығы қаза тапты, делінген Лос-Анджелес округі шериф департаментінде.

Бұған дейін шериф департаменті апат салдарынан бес адам қаза болғанын мәлімдеді.

Тони Альтобелли CNN-ге өзінің ағасы, бейсболдан Orange Coast колледжінің жаттықтырушысы 56 жастағы Джон Альтобелли, Джонның қызы Алисса мен әйелі Кери де әуе апатынан қаза тапқанын хабарлады. Альтобелли бейсболдан Хьюстон университетінде жаттықтырушының бұрынғы көмекшісі болғанын мәлім етті.

Апаттан қаза тапқандардың ішінде Калифорния штатының Корона-дель-Мардағы Harbor Day School мектебінде баскетболдан қыздар жаттықтырушысының көмекшісі Кристина Маузер бар деп жазды оның күйеуі Мэтт Маузер Facebook-тағы парақшасында.

Лос-Анджелес округінің өрт қауіпсіздігі департаментінің капитаны Тони Имбренда «Сикорский S-76B» тікұшағының апат сигналын берген-бермегені туралы ақпарат жоқ екенін айтты.

«Тікұшақ 1991 жылы құрастырылған» деп хабарлайды Федералды авиация басқармасы. Федералды авиация басқармасының тіркеу деректер базасына сәйкес, ол Island Express Holding Corp компаниясында тіркелген. Федералды авиация басқармасы және Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық кеңес апатқа қатысты тергеу жүргізуде делінген басқармада.

CNN метеорологы Майкл Гайдың айтуынша, апат кезінде тұман түсіп, нөсер жаңбыр жауған. Соның салдарынан жолдың көрінуі төмен болған.



Соңғы жаңалықтар