Атакент аумағындағы ағаштар оталмайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «EcoAlmaty» ЖШС жетекшісі Жанна Асанова Алматыдағы «Атакент» іскерлік орталығында 9 мың ағаш бұталады деген қауесетті жоққа шығарды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл экономика басқармасынан 9 мың ағашты отау туралы өтінімнің түскені жайлы ақпарат жалған. Жасыл желек отырғызу мен өсіру ережесі бойынша Алматыда талдар тек жасыл экономика басқармасының рұқсатымен ғана оталады. Мердігер компания оталған ағаштың орнына 5 есе көп шыбық отырғызуға міндеттеледі. Ағашты кесуге рұқсат құжаты E-gov электронды порталы және ХҚО арқылы беріледі. Ал «Атакент» орталығы бойынша әзірге ешқандай өтініш түскен жоқ», - деді Жанна Асанова.

Оның айтуынша, дәл қазір Атакент аумағында ағаштарды санитарлық қысқарту жүргізіліп жатыр. Ол үшін рұқсат құжаттары талап етілмейді.

Көрме кешені паркіндегі жасыл желекті отау туралы қауесет Facebook-те таралған болатын.

Мұның алдында «Atakent» жаңа президенті Мадина Мақыпова кешен территориясында конгресс-орталық ашылатынын хабарлаған еді.

«Конгресс-орталық салынатын аумақ – саябақ, ағаштар. Бізге жасыл экономика басқармасынан мердігер компания хат жазды. Олардың жоспары бойынша конгресс-орталық парк аймағында орналасуы тиіс екен. 54 га аумағымыздың 30 га соларға беруіміз керек. Қазір бұл келісім тіркеліп жатыр», - деді Мадина Мақыпова.

«Atakent» бақылау кеңесінің мүшесі Руслан Хен айтқандай, конгресс-орталық 8 га аумақты алса, қалған 22 га жерде көліктерге ыңғайлы болу үшін жол айрығы жасалады.

Соңғы жаңалықтар