«Ата жолы» картасы қандай қазақтарға беріледі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік қазақтарға «Ата жолы» картасын берудің тәртібі туралы бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта «Ата жолы» картасына мынандай анықтама берілген:

Бұл құжат ұлты қазақ екенін растайтын құжаты бар, Қазақстан Республикасының заматтығы жоқ, «қандас» мәртебесін алып үлгермеген қазақтарға берілмек.

Бұл картадан үмітті қазақтарға мынадай талаптар қойылады:

1) қазақ ұлтына жататынын растайтын құжаттың болуы;

2) Қазақстан Республикасы азаматтығының болмауы;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін мамандықтың болуы;

4) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы бұйрығына сәйкес сұранысқа ие кәсіптерге ие болуы (бұл мәліметті «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі растауы керек);

5) тұрақты тұратын және азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы (бұл мәліметті «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі растауы керек).

Осы аталған талаптарға сай шетелдік немесе азаматтығы жоқ қазақ «Ата жолы» картасын беру туралы өтінішті «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің қосымшасы ретінде құрылатын мобильдік қосымша арқылы не Қазақстан Республикасының шет елдердегі өкілдік мекемелері арқылы береді.

Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган өтініш келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің Қазақстан Республикасының аумағында құқық бұзушылықтар жасағаны туралы және олардың террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысы туралы өзге де ақпаратты тексеру үшін құзырлы органдарға құжаттар топтамасын жібереді. Бұл ақпарат сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпараттық жүйесі арқылы да тексеріледі.

«Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі «Ата жолы» картасын беру туралы шешім алған этникалық қазақтар жүгінген кезде оларға Қазақстан Республикасына кіруге виза береді. Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган өтініш беруші келгеннен кейін «Ата жолы» картасын береді. «Ата жолы» картасы жоғалған немесе бүлінген жағдайда оны иеленген адамның өз өтініші бойынша телнұсқа беріледі. 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалар, егер олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері «Ата жолы» картасының иегерлері болып табылса, «Ата жолы» картасын иеленушінің құқықтарын пайдалануға құқылы.

Егер «Ата жолы» картасында ата-анасының біреуі ғана болса, кәмелетке толмаған бала «Ата жолы» картасын өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі консулының қатысуымен ата-анасының екіншісінің жазбаша келісімінен кейін ғана ала алады». – деп жазылған бұйрық жобасында.

«Ата жолы» картасы берілген күннен бастап 10 жыл бойы жарамды. Бірақ азаматтығы бар ел паспортының қолданылу мерзімінен аспауы керек.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің өкілдері аталмыш картаның шетелдік қазақтарға қандай мүмкнідіктер ұсынатынын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар