Ата заңның аясында еліміздің жастары терең білім алып, жемісті жұмыс жасай алады - ғалым пікірі

None
None
Л. Тамыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Ата заң аясында еліміздің жастары терең білім алып, жемісті жұмыс жасай алады. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ішкі және сыртқы саясаты, азаматтарының бостандығы мен еркіндігі - осының барлығы Конституцияда толықтай қарастырылған. Шын мәнісінде тәуелсіз ел атанып, оның Ата заңының қабылдануы «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы еді. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында, жыл сайынғы Жолдауларында, өз сөздерінде осы құндылықтарды үнемі баса көрсетіп келеді.

Қай кезде де Қазақстан жастарға сапалы білім беру мәселесін еш ұмытқан емес. Тіпті қазіргідей қиын жағдайға қарамастан, Елбасы тапсырмасына сәйкес үздік оқитын, бірақ қаражаты жеткіліксіз студенттер үшін 11 мың грант, 40 мың несиенің бөлінуі бұрын болмаған жағдай еді. Сол секілді жастар тәжірибесі біздің көптен аңсап жүрген арманымыз болатын десек, артық айтқандық болмас. Яғни, енді университет бітірген жастар алты ай өндірісте жұмыс жасап, жалақы алады. Егер өзін жақсы қырынан көрсете білсе, сол кәсіпорында қалады немесе сол мерзім ішінде басқа мамандықты меңгеріп, өзге мекемеге орналаса алады. Бұл - сол жастар үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндік.

Елімізде бәсекеге қабілетті мамандар даярлау ісіне жоғары оқу орындары да өз үлестерін қосып келеді. Биылдың өзінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ 1018 мемлекеттік грантты ұтып алып, 96 ЖОО-ның ішінен алтыншы орынды иеленді.

Университетте қазіргі таңда 8 мыңнан астам студент білім алатын болса, соның 6 мыңы күндізгі бөлімде оқиды. 437 оқытушы, 600-ден астам қызметкер еңбек етеді, соның ішінде 24 ғылым докторы жұмыс жасайды. Ғылыми-зерттеу зертханасының ашылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Мысалы, ҚР Ауыл шаруашылығы мен Білім және ғылым министрліктерінің грантына сәйкес 80 млн. теңгеге ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ғалымдардың ғылым докторы дәрежесін қорғауы үшін диссертациялық кеңес бар.

Бұдан бұрын 1200 орындық машина жасау факультетінің ғимараты, 72 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазір облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен 97 млн. теңгеге үлкен трансформатор салынуда. Сондай-ақ 44 пәтерлік алты қабатты тағы бір үй бой көтеріп келеді. Жатақханалардың бәрі де күрделі жөндеуден өткізілді. Тиісті құрал-жабдықтармен, жылумен қамту ойдағыдай. Қысқасы, жаңа оқу жылына тиянақты әзірленген университет ұжымы қыркүйектің 1-інде Конституция мен Білім күнін ерекше көтеріңкі көңіл-күймен атап өтпек.

Соңғы жаңалықтар