Ата заңға аса ұқыптылықпен қарау парыз

None
None
nbsp;АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса қастерлі күндердің бірі. Осыдан 15 жыл бұрын егемен ел болып, іргесі қалана бастаған жас мемлекеттің халқы өз жолын бағдарлап Негізгі заң құжатын қабылдаған болатын.

1995 жылдың осы күніндегі бүкілхалықтық референдумда Қазақстан халқының басым бөлігі бүгінгі қолданыстағы Ата заңды жақтап дауыс берді.

Осылайша, қалың жұртшылық қабылдаған Негізгі заң - қазақ еліндегі мемлекеттік тұрақтылық пен экономикалық және қоғамдық дамуды қамтамасыз етудің септігіне айналғаны әмбеге аян. Ата заңымыз мемлекетіміздің негізгі құқығын қамтамасыз ететін демократиялық қағидаттарды белгілеп берді.

«1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын да жақсы білуі керек», дейді Н. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында. Осы тұрғыдан алып, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш Конституцияның қабылдануына да тоқталып өтсек. Алғаш Конституция жобасын талқылау және қабылдау жөніндегі жұмыс мемлекеттің егемендігі туралы декларациядан кейін-ақ қолға алынған болатын. Бұл жайында Мемлекет басшысы: «1991 жылғы Кеңестер одағының ыдырауымен аяқталған, Қазақ КСР-нің атын Қазақстан Республикасы деп өзгерткен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Конституциялық Заңның қабылданған зор оқиғалардан кейін, жағдай біршама айқындала бастады. Тоталитарлық дәуірден бүтіндей құтылғанымен күн тәртібінде егемен, демократиялық мемлекетті құру мәселесі тұрғаны баршаға ұғынықты болды. Қазақстанның одан арғы тағдыры біздің қолымызда тұрды. Елдің жаңа Конституциясын жасаумен байсалды түрде айналысудың уақыты жеткені білінді. Қазақстан Президенті ретінде мен үшін бұл - ең бірінші міндетке айналды», деп атап өтеді.

Біршама уақыт арнайы жұмыс тобында сараланып, білікті заңгерлермен жан-жақты зерделенген соң, Конституция жобасы 1993 жылғы қаңтардың 28-інде Жоғарғы Кеңесте талқыланып, онда 312 депутаттың 309-ы ел өміріндегі алғаш Конституция жобасын тұтасымен қабылдау жөніндегі ұсынысты қолдап, дауыс берді. Осылайша, ресми қабылдаулар шарасынан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның тұңғыш Конституциясының түпнұсқа мәтіні табыс етілді. Бұл - тәуелсіздіктен кейін 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы ел тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. «Бұл шын мәнінде дербес дамудың жолына түскен Қазақстан халқының өміріндегі тарихи оқиға еді. 1993 жылдың жағдайында қабылданған Конституция, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізуге қарсы болған бір бөлігі мен Қазақ КСР-нің демократиялық өркениетті мемлекетке айналуы қажеттігін және оның болмай қоймайтындығын түсінген екінші бір бөлігінің арасындағы ымыраның көрінісі болды. Конституция реформаны іске асырудағы алғашқы және аса қажетті қадамдарды жасауға мүмкіндік берді», деп жазады Нұрсұлтан Әбішұлы.

Алайда, уақыт өте келе тұңғыш Ата заңның күшіне енуіне байланысты оның кемшіліктері де анық байқала бастаған. Заман ағысына қарай, бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы бүгінгі Конституция қабылданды.

Тоқтала кететін жайт, тамыздың 30-ында өткен жалпы халықтық референдумда Ата заңымыздың бүгінгі қолданыстағы нұсқасын республика жұртшылығының 98 пайызы жақтап дауыс берді. Сонымен қатар, Конституциямыздың осы жобасын талқылауға республикамыздың 3 миллионнан астам азаматы, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер, білікті заңгерлер атсалысып, олар 32 мыңға жуық ұсыныстар мен ескертпелерін ортаға салды. Халықтық бастамалардың арқасында осы жолы Ата заңымыздың 98 бабының 55-іне өзгертулер енгізілді. Сондай-ақ, Конституциялық Кеңес туралы және азаматтар мен адам құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа нормалар дүниеге келді. Конституцияның жобасын әзірлеу барысында 1 мың 100 өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Яғни, барша қазақстандықтардың белсенділігінің арқасында жаңа Ата заң өмірге келді.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақ халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз!», деп жазылған Ата заңымызда. Осы жолдардың өзінен-ақ, еліміздің Негізгі заңының әлемдік тәжірибелерді сіңіре отырып, демократиялық болашаққа бағытталғанын, әрі халықшыл жолды таңдағанын байқауымызға болады. Сонымен қатар, өткен 15 жылды артқа тастаған астам уақыт ішінде Конституция тәуелсіз мемлекетімізді құрудағы негізгі түйін болды. Осыған байланысты елімізде қоғамның тұрақтылығын, ұлтаралық татулықты сақтай отырып, биліктің ілгерілеушілік институттары құрылып, бекіді.

Рас, қоғам бір орында тұрмайды, ол үздіксіз дамып отырады. Сол себепті де Ата заңымызда айқындалып, жазылғанымен әлі толық қолданысқа енбегендіктен, жергілікті өзін-өзі басқару, сайлауды демократияландыру, билік тармақтарының рөлін арттыру секілді мәселелер күн тәртібіне қалқып шыққаны белгілі. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген соңғы Конституциялық реформа Қазақстанның жаңа саяси тарихындағы айтулы оқиғаның бірі болып табылады. Оның үстіне елдегі демократияны жетілдіре түсу үшін президенттік биліктен президенттік-парламенттік билікке ауысудың тарихи кезеңін Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы әрі халықаралық ұсыныстарды қабылдай отырып өткізілген пропорционалдық жүйедегі сайлау арқылы бастан өткердік. Сондықтан да, «Алдымен экономика, содан кейін саясат» қағидатын ұстанған Қазақстан Конституциясына енгізілген кейінгі өзгерістерді ең алдымен уақыт талабы деп қараған жөн. Ендігі күні қоғамның тыныштықта, тұрақтылық пен келісім аясында өркениетті түрде одан әрі дамуына жағдайлар қалыптасты. Өйткені, Ата заң халықаралық тұрғыдан алғанда да демократиялық қоғамның негізгі міндет, талаптарына сәйкес келетіндігін танытып отыр. Бұны халықаралық сарапшылардың басым бөлігі де мойындайды, әрі ерекшеліктерін жіктеп-жіктеп айта алады. Тек, ең басты мәселе Конституцияның әдемі жазылуында емес, оның әлеуетін толық пайдалануда болып отыр. Халықаралық беделді де білікті заңгерлердің де көпшілік ұсынысы осыған саяды.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың жақында «Конституция - мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында сөйлеген сөзімен аяқтасақ.

«Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру - жай ғана қажеттілік пен аза­маттық міндеттілік емес. Бұл - азат адам­дардың артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқықтарын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз - жеке азаматтар емес, Қазақстан хал­қымыз, тұрғындар емес, қоғамбыз, аза­маттық қоғамбыз. Географиялық кеңістік емес, бізді біріктіретін елміз. Конституция күнінде біз Атажұрт алдындағы жауапкершілігіміздің қандай­лық зор екенін айрықша ұғынамыз. Және, ең алдымен, мемлекеттің қызме­тін­де тұратындардың жауапкершілігін ұғынамыз. Елдің мемлекеттік мәшинесін жұмыс жағдайында ұстап тұруға, оның босаңсуына, тығылуына немесе бос айналымдарда жұмыс істеуіне жол бер­меуге және, ақыр аяғында, осынау күрделі де қымбат тұратын мәшиненің шұғыл саяси бұрылыстарда ауып қалмауына ке­пілдік беруге тиістілердің жауапкершілігін ұғынамыз. Ал біздің әрқайсымыз не үшін қызмет етіп жүргенімізді айқын сезінеміз. Біздің азаматтардың азаттығы мен қадір-қасиеті шын мәнінде елдің ұлттық қауіпсіздігінің мәселесі екендігін сезінеміз. Бұл тамаша датаның мәні осында жатыр», деген еді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар