+7 (701) 759 90 19
USD 426.01 EUR 493.75
RUB 6.05 CNY 66.62
Jańalyqtar

Ата Заң - егеменді Қазақстанның берік іргетасы

2021 жылғы 30 тамыз 09:20
Бөлісіңіз:
Ата Заң - егеменді Қазақстанның берік іргетасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Негізгі Заң қоғам мен мемлекеттің дамуы сұраныстарына сәйкес болуы тиіс. Мемлекет өміріндегі бетке алған үдерістер де осы Конституция арқылы реттелетіні анық. Осы берекені қалыптастырып отырған, мемлекеттік институттардың әрқайсысын жүйе-жүйемен бекітіп отырған, әр азамат өзінің құқығы мен бостандығын, өрлеуін сезініп отырған жағдайды Ата Заңымыз қалыптастыруда. Басқа заңдардың барлығы Конституциямыздан бастау алады және оның әлеуеті өте зор. Биыл Қазақстан халқы Ата Заңымыздың 26 жылдығын атап өтуде. Осы уақыт ішіндегі тарихымызға зер салатын болсақ, 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданған қазіргі Конституция барлық мәселелерді ескеріп, биліктің үш тармағына, яғни атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігінің әрқайсысының қызметін анықтап, бекітті.

Ұқсас жаңалықтар
Әділет министрі қазақстандықтардың өмірін жеңілдетуге бағытталған заңдар туралы айтты Сенаторлар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге арналған заң жобасын қарайды Мемлекет басшысы Каспий теңізін қорғауға қатысты заңға қол қойды

Демократиялық даму жолына түскен кез келген елде Негізгі Заң мемлекеттіліктің, құқық үстемдігінің, тұрақтылықтың негізі. Бұл ретте жалпыға ортақ әділеттілік орнайды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде Қазақстан алдында өзінің конституциялық моделін айқындау бойынша ерекше маңызды мақсат тұрды. Бұл ретте жасалатын дұрыс қадамға жас мемлекеттің тағдыры тікелей байланысты болды. Яғни, мемлекеттік реформалар жүргізуге қауқарлы болуы, әлемдік қоғамдастықтың теңқұқылы мүшелігіне енуі секілді мәселелерге баса мән берілді.

Тарихқа сәл кейін шегінер болсақ, Қазақстанның дербес ел ретіндегі алғашқы Конституциясы 1993 жылы қаңтарда қабылданған. Бірақ, ол құжаттың кейбір тұсы заман ағымы мен сұранысына қарай нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Негізгі заң - Конституция қабылданды.

1995 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы Ата Заңды қабылдау бастамасымен шықты. Еліміздің беделді заңгер ғалымдарымен қатар Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері қатысқан жобалық жұмыс өз жемісін беріп, бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалады. Айта кетерлігі, Конституциямыздың жобасын талқылауға ел халқы да жұмылдырылды. Ресми деректерге қарағанда, еліміз үшін басты құжатты талқылау ісіне 3 млн 345 мың адам қатысты. Қарапайым халық тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілді. Осылайша, сан мәрте сүзгіден өтіп, жетіспеген жері толықтырыла түскен Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Дәл осы заңымыздың қабылдануына Қазақстанда дауыс беруге құқы бар сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, оның 89,14 пайызы қолдаған болатын.

Сондағы қиын кезеңде миллиондаған ел азаматы осы идеяның айналасында бірігіп, қолдау білдірді. Елбасы сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет халықтың болашағы өз қолында болғанын айтқан еді. Ол - халықтың Конституциясы. Барша қазақстандықтардың белсенділігінің арқасында жаңа Ата Заң өмірге келді.

Дегенмен, жаңа Конституцияны қабылдау да оңай болмады. Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар тобы көптеген әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптаудан өткізді.

«1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын да жақсы білуі керек», дейді Н. Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында.

Экономикалық, саяси және басқа да жағдайлардың пісіп жетілуіне қарай, Конституция да жетілдіріледі. Осы жылдары бірнеше конституциялық реформа өткізілді. Бұл тұрғыда ұлттық ерекшеліктермен қатар, шетелдік жетекші тәжірибелер де ескерілді. Осы үрдіске қазақстандық қоғамның барлық сегменттері жұмылдырылды. Бұл тұрғыда конституциялық новеллалар түрлі салаларды жаңғыртуда тың серпін беріп отырды.

Мәселен, 1998 жылдың қазанында Конституцияға енгзіліген түзетулер еліміздегі саяси партиялардың рөлін күшейте түсуге бағытталған болатын. Келесі өзгертулер 2007 жылы жүргізілді. Сол жылдың 16 мамырында Парламент палаталарының бірлескен отырысына арнайы қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциямызға саяси реформаларды дамытуға, халық билігін кеңейтуге арналған ұсыныстар жасап, ол халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болған еді. Президенттің өкілеттілігі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды, Парламенттің өкілеттігі біршама кеңейді.

Ал 2017 жылғы конституциялық реформа қазіргі заманғы Қазақстанның құқықтық жағынан жаңғыруының кезекті бір кезеңі болды. Бұл қадамдар басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және саяси жүйені демократияландыруға негізделген. Бұл ретте Мемлекет басшысының кейбір билік өкілеттіктерін Парламент пен Үкімет арасында қайта бөлу жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Парламенттің Үкімет қызметіне бақылау өкілеттігі ауқымды түрде күшейтілді.

Конституция - Тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Негізі, алған бағыттың жүйелігі мен Ата заңның қоғамдық дамудың сұраныстарына сәйкестігі конституциялық реформалармен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жүргізілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Конституция уақыт рухына және азаматтарымыздың талап-тілегіне сай келеді.

«Осыдан 25 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мемлекеттігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Республикасының күрделі геосаяси жағдайдағы дамуының даңғыл жолын айқындады. Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды. Халық билігі, теңдік, бірлік, заң үстемдігі сияқты қастерлі ұстанымдар мызғымас ұстын ретінде қалыптасып, Қазақстанның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түсті. Ата заңымыз уақыт рухына және азаматтарымыздың талап-тілегіне сай келеді. Сондай-ақ, оның жасампаздық әлеуеті саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған. Біз мемлекеттің берік конституциялық негізіне сүйене отырып, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаймыз және азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыра береміз», - деді Мемлекет басшысы 2020 жылы халыққа арнаған құттықтауында.

Атап айтқанда, Конституция - егеменді Қазақстанның берік іргетасы, азаттығымыздың айшықты айғағы әрі құндылықтарды ұлықтаған қастерлі құжат. «Қасым ханның қасқа жолынан», Есім ханның ескі жолынан, Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысынан» бастау алып, жалпы демократиялық принциптерге негізделген Ата Заңға 26 жыл толып отыр. Конституция - ел халқының пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Конституцияны қалыптастыруға қалың жұртшылықтың қатысуы - Ата Заңның әлеуетін арттырды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Конституциясы уақыттың сынынан сүрінбей өтті. Сәйкесінше, бұл құжат өзінің заман талабына лайықтығын дәлелдеді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT