Ата-аналарға ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҰБТ барысында барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталады. Бұл туралы ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ғимаратқа кіргізу маскалық режимді сақтай отырып, кемінде 2 метр арақашықтық арқылы іске асырылады. Әрбір талапкер дизинфекциядан өтеді және әрқайсысының оргәйекпен қоршағалған өзінің орны болады», - деді Ә. Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Әрбір талапкер жеке компьютерде отырып, ҰБТ тапсырмаларын орындайды.

Білім министрлігінің мәліметінше, тестілеудің барлық қатысушысы ҰБТ басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтеді. Тестілеуге кіргізу кезінде қатысушылардың аяқ киімдері мен қолдары арнайы құралдарымен өңделеді. Бет маскасының дұрыс тағылуын қадағалау мен температураны өлшеу арнайы Face ID планшетінің көмегімен жүзеге асырылады.

Тест тапсырушыларды кіргізу және аудиторияда отырғызу кезінде әлеуметтік қашықтық сақталады. Аудиториялар желдетіліп, дезинфекциялық құралдармен өңделеді. Санитарлық нормаларға сәйкес ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Олар үшін аудиториядан бейнетрансляция қамтамасыз етіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматта өтеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруға болады.

Таратылған мәліметке қарағанда, тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады.

Тестілеу нәтижелері ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болады.


Соңғы жаңалықтар