Ата-ана мектептегі баласының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет - Смайылов

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет. Бұл бағытта нормативтік те, ұйымдастыру жағынан да барлық деңгейде жүйелі шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуі тиіс.

«Атқарылған шараларға қарамастан, өңірлерде проблемалар әлі де жеткілікті. Бейнебақылау орнатылған мектептердің арасында камералары стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мектептер де бар. Еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған. Бақылау режимі қатаң сақталмайды», - деді ол.

Үкімет басшысының дерегінше, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған.

«Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар