Ата-ана баласының денсаулығын ол дүниеге келмей тұрып ойлаған жөн – педиатрмен сұхбат

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүгінгі бала – елдің ертеңгі тірегі, үкілеген үміті. Сондықтан өскелең ұрпақтың білімі терең, дені сау болуы маңызды. Биылғы Балалар жылына орай Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры Гүл Құсайыновамен жолығып, әңгімелесіп қайттық.

Ол бізге оқушылар арасында қандай аурулар белең алып бара жатқанын, баласының түрлі дертке шалдығуының алдын алу үшін ата-анаға не істеу керектігін айтып берді.

- Облыста бала денсаулығын нығайту, түрлі ауруларға шалдығуының алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда ?

- Балалардың саулығы, ауру-сырқаудан ада болуы – әркез басты назарда. Жалпы Шығыс Қазақстанда 370 мыңға жуық бала бар. Ақ халаттыларымыздың өздері бірінші кезекте ата-ана болғаннан кейін, бүлдіршіндердің аман-сау болуын тілейді. ҚР Денсаулық сақтау министрінің 704 бұйрығына сәйкес, балаларға скринингтер жүргізілуде. Атап айтқанда, неонаталдық, офтальмологиялық, аудиологиялық, психофизикалық скринингтер. Бұл тексерулер перзентханадан басталады. Қазір емханаларда түгелдей «Баланы дамыту бөлмесі» ашылып жатыр. Сол жерде де медбикелер балаларды скринингтен өткізеді. Скрининг дегеніміз – аурудың алдын алу. Бұл ең маңыздысы. Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Сондықтан біз бірінші кезекте сырқатты дер кезінде анықтап, асқынуды болдырмауымыз қажет.

Бала денінің сау болуында – ата-анасының рөлі зор. Олар бауыр еті балаларының салауатты өмір салтын ұстануын, зиянды дүниелерден аулақ болуын қадағалауы қажет. Жаңағы айтқан Баланы дамыту бөлмелерінде мамандарымыз ата-аналармен жұмыс істейді. Ақыл-кеңес айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Деннің саулығы деген – тәннің саулығы ғана емес. Оның ішінде психологиялық даму, жүйке жүйесі бар. Кейбір балғындардың жыл өткен сайын бойы, салмағы өскенімен ойлау қабілеті дамымай қалады. Тіпті осылай мүгедектікке тап болатындар кездеседі. 2021 жылдың аяғында өңір бойынша 375 баладан аутизм спектріyнің бұзылуы анықталған.

- Қазір әлеуметтік желілерде баласының дерті дендеп, ем-домға ақша сұрайтындар аз емес. Бұл емі қиын ауруға душар болған балалар көбейіп кетті деген сөз бе ?

- Расыменде қазір желіде осындай парақшалар, жазбалар көп. Бірақ бұған қарап балалар арасында түрлі аурулар артты деуке келмес. Негізінен бала қандай да бір сырқатқа шалдықпас үшін біздің облыста ғана емес, мұқым Қазақстан бойынша патронаттық қызметтің жұмысын күшейту керек. Себебі баланың денсаулығын ол тумай тұрып ойлаған жөн. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап арнайы бағдарлама қабылданған. Соның аясында жүкті әйел тіркеуге тұрған сәттен бақылау басталады. Тұрмыстық жағдайы, отбасындағы ахуал, жұмыс орны, өмір салты бәрі қаралады. Патронаттық қызметкер болашақ ананың үйіне барып тексереді. Егер қандай да бір келеңсіздік анықталса тиісті ақпарат әлеуметтік қызметкерге беріледі. Ал ол болса әкімдікпен, басқа да органдармен бірлесіп қажетті шараларды қабылдайды. Мұндағы басты мақсат – жатырдағы бала денсаулығына зақым келуінің алдын алу.

- Жүкті әйелдердің көбісінде қандай мәселелер болып жатады?

- Әйел жүкті болғанын білген сәттен бастап өзін ана ретінде сезінуі қажет. Жатырындағы баласымен жылы сөйлесіп, әңгімелескені дұрыс. Оны еркелетіп, жарық дүниеге келгенін тезірек күтіп жүргендерін айту керек. Сонда баланың дене мүшелері жақсы қалыптасып, ана мен сәби арасында байланыс орнайды. Өкінішке қарай, нәзік жандардың көбі бұған немқұрайлы қарап, іштегі сәбиіне көңіл бөлмейді.

Негізгі мәселелердің бірі – дұрыс тамақтанбау. Бала жақсы дамып, дені сау болып тууы үшін әйел дұрыс тағам жеуі қажет. Патронаттық қызметкер оған күнделікті ас мәзірін жасап береді. Жатырдағы балаға микроэлементтер, кальций, цинк, магний керек. Ол етте, көкөністе, жеміс-жидекте болады. Бұл жерде мәселе тек ақшада емес. Кейбір әйелдер майонез қосылған фаст-фуд, ашты тағамдар жеп жібереді. Сәбіз, қырыққабат бағасы аса қымбат емес қой. Ал жылқы, сиыр етін алуға жағдай келмесе, оны түйебұршақ, жасымық, асбұршақпен алмастыруға болады.

Ал егер үйде күйеуінің қысым көрсететінін немесе қол көтеретінін біліп жатсақ іс ведомствоаралық комиссияда қаралады. Оның құрамына әкімдік, полиция өкілдері, жағдайға қарай нарколог, психолог сынды мамандар енеді. Әртүрлі себептермен жанжалдасып, ажырасайын деп жатқандар болады. Ерлі-зайыптылармен жеке-жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жемісті жұмыс істеп жүрген, біз мақтан тұтатын патронаттық қызметкерлер бар. Мәселен, аудандардағы кей қызметкерлеріміз 4-5 еркекке арақты қойдырып, дұрыс жолға салды.

- Облыс бойынша қанша патронаттық қызметкер бар?

- Бүгінгі таңда аймақта патронаттық қызметкер саны – 223. Олар әр күнін жоспарлап жұмыс істейді. Жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралайды. Алдын ала хабарласып, уақытын келісіп алуы тиіс. Негізінен аудандарда жұмыс дұрыс жолға қойылған. Ал қалада сәл сылбыр. Бұған кадр тапшылығы, тұрғындардың жиі көшіп-қонуы себеп.

- Балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі?

- Облыста күнделікті алып қарағанда балалар арасында суық тиіп ауыратындар көп. ЖРВИ, пневмония жиі кездеседі. Бұл экологияның, ауадағы газдың әсері. Ал диспансерлеу тұрғысынан қарасақ, неврологиялық аурулар жиі байқалады.

- Бұрындары мектепте әр сыныпта көзілдірік таққан бір-екі бала ғана болатын. Ал қазір керісінше көзілдіріксіз жүрген оқушы сиреп кеткендей…

- Бұл балалардың теледидар, ноутбук, планшет пен смартфондарға күніне бірнеше сағат бойы телміріп отыруының салдары. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 8956 адамда көз ауруы болса, оның 3102-сі балалар. Сондықтан көзді күтіп, жаттығу жасап тұрған жөн.

Осы ретте, ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастыра білуі қажет. Олардың өздері телефоннан бас алмаса, әрине бала да сондай болады. Әлемдегі ғалымдардың айтуынша, әкесі күн сайын кемінде 15 минут баланың көз алдында кітап оқып отыру керек екен. Бұл баланы оқу-білімге деген құштарлыққа тәрбиелейді.

- Елімізде 6-9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызында артық салмақ бар екен.

Облыстағы ахуал қалай ? Бала семіздікке шалдықпас үшін не істеу керек?

- Өңірде семіздік диагнозымен 362 бала есепте тұр. Бұл да күннен күнге өзектілігі артып бара жатқан мәселе. Ол үшін баланың ас мәзірін реттеп, физикалық белсенділігін арттыру керек. Мұнда да ата-ана тәлімінің, үлгі-өнегесінің маңызы зор.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар