Асыраушысынан айырылғандардың жәрдемақысы қыркүйек емес, шілдеден бастап 14,5% өседі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы 1 шілдеден бастап 14,5%-ға өседі. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 1 шілдеге дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайларына тағайындалған әлеуметтік төлемдердiң мөлшерiн 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 14,5 пайызға арттыру жүргізілсін. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң, бірақ 2023 жылғы 1 шілдеден ерте емес қолданысқа енгізіледі», - делінген Үкімет қаулысында.

Айта кетейік, кеше VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 1 қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 14,5%-ға көтеруді тапсырған болатын.

«Асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар», - деп міндет қойды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Араға бір күн салып, Президент тапсырмасын орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаулы әзірледі.

Құжат 13 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар