Асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік төлемдері өседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат- ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемнің қалайша өзгеретінін түсіндірді. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан беріліп отырады. Бүгінде қордың төлемдерін арттыру ұсынылып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, асыраушысынан айырылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында арнайы коэффициентті өзгерту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемнің мөлшері ұлғаяды.

Мәселен, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аударып келген адам асыраушысынан айырылған жағдайда оның асырауында қалған адамдардың коэффициенті көтеріледі. Бір адам үшін 40 пайыздан 50-ге, екі адам үшін 50-ден 65 пайызға, үш адам үшін 60 пайыздан 80-ге, ал төрт және одан көп адам болса 80-нен 100 пайызға көбейту ұсынылып отыр. Жалпы алғанда, әрбір коэффициенттің өсімі бұрынғы мөлшердің 25 пайызын құрайды.

«Мәселен, асыраушысынан айырылған адамның орташа айлық табысы - 100 мың теңге. Ал жүйеге қатысу өтілі 85 айды құрайды. Оның асырауындағы бір адам үшін төлем мөлшері 23 907 теңге болады. Бұл қазіргі параметрді қолдану кезіндегі төлем мөлшерінен 30 пайызға көп. Бүгінде 18 390 теңге төленіп отырады», - деді С.Жақыпова ҚР Парламент Мәжілісінде өткен жиында.

Оның сөзіне қарағанда, асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны ескере отырып, төлемнің жалпы сомасы 43 910 теңгеден 49 448 теңгеге артатын болады.

«Заң жобасы Мәжіліске енді келді. Егер Мәжіліс қабылдап, Сенаттан өтіп, Елбасы қол қоятын болса, жоспар бойынша барлық шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.

Айта кетейік, бүгін ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі Парламент Мәжілісінің депутаттарына міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырды. Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, заң жобасын қабылдаудың нәтижесінде еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айырылу бойынша төлемдердің орташа мөлшері орта есеппен 30-36 пайызға дейін артады. Халық міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне көбірек қатысады. Сөйтіп, ресми түрде жұмыс істейтін адамдардың саны артады деген болжам бар.
Сондай-ақ, вице-министр еңбек ету қабілетінен айырылуға қатысты әлеуметтік төлемнің қалайша өзгеретінін де түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар