Асылжан Бектай ауыр атлетикадан Азия чемпионатында алтын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық зілтемірші Асылжан Бектай Бахрейн астанасы Манамада өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 89 келіге дейінгі салмақта топ жарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Қызылордалық спортшы жұлқа көтеруде 165 келімен күміс медаль алса, кейін 197 кг тасты серпе көтеріп, алтынға қол жеткізді. Жалпы есепте 362 келіні еңсерді.

Күмісті Асылжаннан небәрі бір келіге қалып кеткен қырғыз Эмиль Молдодосов (361 кг) жеңіп алса, қола ирандық Масуд Шатраиге бұйырды (358 кг).

Осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық Кирилл Староверкин жалпы есепте 330 келімен (153+177) 7-орынға тұрақтады.

Асылжан 2017 жылы Бангкокте (Тайланд) өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған.

Ол 2000 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. 7 -сыныптан бастап ауыр атлетика секциясына қатысып келеді.

Бұған дейін жасөспірімдер арасында екі мәрте Қазақстан чемпионатының (2015, 2017 жылдары) және кубогының (2016 жылы) күміс жүлдесін иеленді.

Ауыр атлетикадан ҚР спорт шебері. Бапкері – Қалдыбай Тоқбаев.

Айта кетейік, осыған дейін Манамада Зульфия Чиншанло жеңімпаз атанып, Арли Чонтей қола жүлдеге ие болған.


Соңғы жаңалықтар