Асылы Осман: Түркістан - иісі түріктің жан-жүрегі

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Ғалым-филолог Асылы Осман ҚазАқпарат тілшісіне Түркістанның төрге озуы қазақтың ғана емес, иісі түріктің қуанышы екенін айтып берді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан топырағының тумасы ғалым-филолог Асылы Осман: «Елбасының Түркістанды облыс орталығы ету туралы Жарлығы төбемді көке жеткізді», - дейді.

«Алты қазақтың біреуі қаймағы бұзылмаған Оңтүстікте тұрады. Түркістанның төрге озуы біздің ғана емес, иісі түріктің рухын асқақтатты. Бұл қуаныштың Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығымен қатар келуінің өзі ғанибет. Ол кездейсоқтық емес, халқымыздың адал ниеті. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасы. Әлбетте, мұның бәрі тәуелсіздігіміздің жемісі», - деді Асылы Осман.

«Түркістан - екі дүние есігі ғой,

Түркістан - ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой», - деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

«Абай ақылдың ақыны болатын болса, Мағжан ақындардың ақыны. Мағжан өмір бойы түрік деп өткен. «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен» деген Мағжанның түрікшілдігі, отансүйгіштігі, ел бірлігін аңсаған арманы, тілегі осы өлеңінде жатыр», - деп сөзін түйіндеді Асылы Осман.

Кезінде Сталиндік саясаттың әмірімен Қазақстанға отбасымен жер аударылған Асылы Әлиқызының балалық шағы Түлкібас ауданында өткен. Ол Түркістан педучилищесінде білім алғанын мақтанышпен айтады.

«Түркістан Республикасын құру ата-бабамыздың арманы болатын. Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұловтардың қалауы бүгін орындалып жатыр. Түркістан әулиелер жатқан жер, ең ақыры Абылай ханымыз да осында жерленген. Таяқ қадасаң тал болатын, шыбық шанышсаң шынар болатын, ауасы таза, суы тұнық  оңтүстіктің қасиетті екеніне дау жоқ», - деді Асылы Осман.

Қоғам қайраткері  қадамның сәтті басталғанына, Түркістанның түркі жұртының рухани астанасы болатынына сенім білдірді.

«Кәріс ұлты өкілінің Кентауды екінші Швейцария дегенін естуім бар. Түлкібасты бірінші Қырым дер едім. Түркістаннан 60 шақырымдай жерде Укаша ата деген әулиелі мекен бар. Ендігі арман қазақтың көп жиналған жері осы Түркістан болса, келешек рухани астанамыз болып, өрістейтітіне кәміл сенемін», - деп сөзін аяқтады Асылы Осман

Айта кету керек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Шымкент қаласы   республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылған еді.

 

Соңғы жаңалықтар