Астық ысырап болуы мүмкін – Сапархан Омаров егін жинау кезінде қауіп барын ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі Сапархан Омаров облыс әкімдерін ескертіп, күзгі егін жинау кезеңіндегі ауа райының жайсыздығын есепке алуды айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидрометтің ұзақ мерзімді ауа-райы болжамына сәйкес қыркүйекте батыс облыстарда бастапқы кезеңде температураның 30°С дейін көтерілуі, содан соң 20°С-қа дейін ақырындап төмендеуі күтіледі. Нормадан жоғары жауын-шашынның жауатыны да болжанып отыр. Мұндай жағдайлар астықтың пісіп-жетілуіне қолайлы болғанымен, егін жинау жұмыстарын қиындатуы мүмкін», - деді министр Үкімет отырысында.

Сапархан Омаровтың айтуынща, бір айдағы жауын-шашын мөлшері Қостанай облысының солтүстігінде нормадан жоғары, Солтүстік Қазақстан облысында нормаға шамалас, Ақмола облысында нормадан төмен болатыны болжанған.

«Кей жерде үшінші онкүндіктің бірінші жартысында жауын-шашын қарға ауысады. Бұл егін жинау жұмыстарының барысына әсер етіп, астықтың ысырап болуына әкелуі мүмкін. Осыған орай әкімдіктер егін жинау жұмыстары бойынша барынша қысқа мерзім ішінде ұйымдастыру шараларын қолданулары қажет», - деді ол.

Министр бұдан басқа, проблемалық агрохолдингтер жерлеріндегі егінді жинаудың маңыздылығын бөлек мәселе ретінде айта кетті.

«Үкіметтің қолдауымен агрохолдингтердің өздері, жаңа инвесторлар егіс жұмыстарын жүргізді. Олардың ендігі міндеті егін жинау жұмыстарын ұйымдастыру. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері мәселені жеке бақылауларына алулары қажет. Жалпы жұмыс штаттық режімде жүргізіліп жатыр. Майлы дақылдар бойынша жақсы нәтижелер күтілетінін айта кеткен жөн», - деді Сапархан Омаров.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімдеріне егін орағын сапалы жүргізуді міндеттеген болатын.

Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев диқандарға дизель қаншадан сатылуы керектігін айтты.



Соңғы жаңалықтар