Астық проблемасы аграрлық сектор үшін ауыр соққыға айналмауы тиіс

None
None
анның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Осы аптада Қазақстанның астық нарығындағы проблема алдымен Үкіметте, сосын Парламентте біршама сөз болды.  Әрине, бұған дейін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, жеке шаруа қожалықтары  мен кәсіпкерлер, депутаттар тарапынан әлденеше рет көтерілген астық проблемасының туындау себебі де сан-саққа жүгіртіліп айтылды, қауіптің бетін қайтару туралы түрлі ұсыныстар жасалды.

 Дегенмен, бірқатар мамандар астыққа төнген қауіптің алдын алуда жедел қимылдамаса еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен соққы болатындығын алға тартады. Ондай болжамның да жаны бар.

Биыл елде егін бітік шықты. Астықтың бункерлік салмақтағы жалпы өнімі 22,7 млн. тоннаны құрап, былтырғы деңгейден 5,7 млн. тоннаға, яғни 34 пайызға артты. Шаруалардың ерен еңбегінің арқасында егілген бидай ысырап болмай, аздаған қиыншылығымен жиналды. Жанар-жағармайдың қыспағын қоспағанда жиын-терім өз деңгейінде өтті. Былтырғы рекордтық көрсеткіш тағы жаңартылып қайталанды. Бірақ, ендігі мәселе жиналған, қамбаға да қоймаға да түспей ашық аспан астында жатқан астықты құтқаруда болып отыр. Өңірлердегі элеваторлар, астық қабылдау пункттері аузы-мұрнынан шыққан, бұнда биылғы ғана емес былтырғы бидайлар да баршылық екені анықталды. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» шаруалардан астықтың тоннасын 165 долларға сатып аламын деп уәде жасап, кейіннен оны уақытында орындауда бұлтаққа салынды. Еліміздегі астықты сатып алатын ең басты мемлекеттік ұйым мемлекеттік маңызды істе солқылдақтығын танытты. Бір жағынан астықтың ішкі нарықтағы құны түсіп кетті. Оны сатып алушы делдалдар бағаның тағы төмендеуін күтіп, әрекеттерін олар да тоқтатты. Былтырдан бастап, делдалдар арқылы жүргізілетін экспорттық операцияларға тыйым салынғаны тағы бар.

Нәтижесінде, маңдай терімен келген ерен еңбек өз шығынын жабудан қалып, желге ұшатындай дәрежеге бір-ақ жетті. Ал шаруалар өз проблемаларымен бетпе-бет қалып отыр. Науқан сайын жылдағы әдетінше несие алып бір тұтылса, кейбірі жанар-жағармайды амалсыздан қымбатқа, оның үстіне астығын сатып барып есеп айырысуда екі тұтылды. Техникалық шығындар, жұмысшы еңбекақысын өтеу, салық төлеу, ең ақыр аяғында өз еңбегімен алынған астықты аман сақтап қалу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.  Кейбір деректерге қарағана, елімізде биылғы жиналған рекордтық астықтың жартысынан астамы ашық аспан астында жатыр екен. Бұл дегеніңіз бүгінгі тоқшылықтың бір күнде жоқшылыққа айналатын қаупі бар деген сөз.

Мінеки, осындай мәселелерді депутаттар дүркін-дүркін көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған болатын. Ендігі мәселе де Үкімет тарапынан шапшаң шаралар қабылдап, астықты мемлекетке сатып алудың жағдайын қарастыру, әртарапты экспорт мәселесін шешу болып табылады. Бұл ретте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 3 миллион тоннадан кем болмайтын астық сатып алуды жылдамдатуы тиіс. Бұл бағыттағы қаражат Ұлттық қор есебінен бөлінетін болады. Осы арқылы тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықтағы қозғалысты жандандыру шаралары қамтамасыз етілмек. Бұл бір.

Екінші, әрі аса маңызды бағыт - мол астықты экспортқа шығару мәселесі. Биыл Қазақстан 7-8 млн. тонна астықты экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, бұл бағытта тиісті ұсыныстар Үкіметтің қарауына жіберілген. Онда дипломатиялық корпустың және шет елдердегі сауда өкілдіктерінің жұмысын қарқындату, экспорттаушылардың қызметін ынталандыру, теміржол тарифін реттеу, астық тасымалдайтын кемелер мен көліктерді қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Қазақстан астығын Қытайға өткізу мәселесін де алға қойып еді.  «Бейжіңдегі сапардағы келіссөз бойынша Қытай астық сатып алуға квота ашып отыр. Маған Қытай Премьері «Сіздер қанша астық сатсаңыздар, біз сонша сатып аламыз», дегенді айтты. Сондықтан осы квотаға делегацияны тездетіп жасақтаңыздар. Қытай рыногы шексіз, Қазақстан астығын сол рынокқа сату мәселесін тездетіп шешу қажет», деп К. Мәсімов тапсырма жүктеген болатын. Дегенмен бұл да оңай шешіле қоятын шаруа болмайтыны білінді. Мәселен, министр А. Күрішбаевтың айтуынша, Қытайға астық тасымалдау үшін ең алдымен тариф және көлік мәселесін шешу керек.  «Біріншіден, бұл үшін Қытай  нарығына кіру, тасымалдау және тариф шараларын реттеу керек.  Екіншіден, аталған елдегі теміржол табанына қатысты айырмашылық бар. Сондықтан бұл жерде басқа вагондармен тасымалдауды қажет етеді. Осы ретте көлік мәселесін де қарастыру керек», деді.

Депутат Кенжеғали Сағадиев Қазақстанның астық нарығына қатысты өрескел үш қателік жіберіліп отырғанын айтады. «Біріншіден - біз өз бағамызды әлемдік бағамен салыстырып әдеттенгенбіз. Бірақ, батыстық ауыл шаруашылығындағы 80 пайыз шығындар мемлекет дотациясымен жабылатынын еске алмаймыз. Қазақстанда бұл тек 8 пайыз мөлшерде ғана. Олай салыстыртын болсақ, біз ұтыламыз. Екіншіден - біз астыққа сапасына қарамай бәріне бірдей баға қойып отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығымен айналысатындарды сапалы өнім алуға ынталандырмайды. Үшіншіден - Қазақстан биыл астық егуді 1,5 млн. гектарға ұлғайтты, енді мол өнім проблемаға айналып отыр. Астықты қайда тықпалауды алдымен ойластырмасақ, онда зиянға егудің қажеті қаншалықты. Мемлекет сатып алатын астықтың тоннасы 165 доллардан деп жариялағанымен, тура осы баға еш жерде болған емес», деді депутат.

Шындығында, ағымдағы жылы Қазақстанға жайлы болғанымен көп мемлекеттерде қуаңшылық болды. Сондықтан да, әлем бойынша астыққа зәру елдер де баршылық. Оны былай қойғанда, дүние жүзінде  1,5 млрд.-қа жуық адам ашаршылық жағдайын бастан кешіріп отыр. Ендеше жоғары бағаланатын қазақстандық астықты экспорттау жолы  әлі де қаралып, тағы пысықтала түсуі тиіс. Үкімет те алдағы уақытта осы мәселені талқылауға кіріскелі отыр. Премьер-Министр ондай шараға халық қалаулыларын да қатысуға шақырды.

Үкімет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары, сектордың материалдық базасын жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашуға  қатысты жұмыстар үзіліссіз жүргізілуде. Дегенмен, әлемдік экономикада астық мәселесінде өзіндік орны бар Қазақстан үшін ішкі нарықтағы құбылысқа дәл уақытында әрекет етудің маңызы зор. Өйткені, астыққа бағаның құлдырап кетуі мен оған сыртқы елдердің қызығушылығын жоғалту аграрлық сектор үшін айтарлықтай соққы болып, бұл еліміздің банктік жүйесіне, қаржылық институттарына да әсер етуі ықтимал. Әлемдік сценарийді саралаған Үкімет алдағы апталарда осы үдеріске араласатын болады.

                               *     *     *

Қазақстанның дағдарысқа қарсы қабылдап, жүзеге асырған шаралары дұрыстығын әрі тиімділігін айқын көрсете бастады. Бұған еліміздің 2009 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары дәлел бола алады. Ең бастысы әлемді шарпыған күйзеліс жағдайында Қазақстанда әлеуметтік  тұрақтылық сақталды. Үкімет өзінің басты міндеті -  жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеді.  9 айдың ішінде «Жол картасы» бойынша 258 мың, ал басқа бағыттар бойынша 132 мың, барлығы - 300 мыңдай жұмыс орны құрылды. Бәзбіреулер болжағандай елімізде инфляция да жағадан алған жоқ. 9 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы инфляцияның деңгейі 4,7 пайызды құрады, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3,7 пайызға төмен. Инфляциялық үдерістерді реттеу бойынша қабылданған шаралар  тұтыну нарығында бағаның өсуін тежеуге әсер етті.

Экономиканы индустрияландыру, өнеркәсіпті өркендету салаларындағы көрсеткіштер де жаман емес. Атап айтқанда бірінші жарты жылдықта өнеркәсіп өндірісі көлемінің кенжелеуі 2008 жылғы деңгейден 2,7 пайызды құраса, 2009 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ол 3 пайызға қысқарып, 1 пайыз болды. Осылайша үдетілген жаңа индустрияландыруға серпін берілгенінің арқасында Қазақстанның биылғы жылды экономикалық өсіммен аяқтауына мүмкіндігі бар. Бұған осы жылы жалпы құны 2,5 млрд. доллардан асатын 22 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру аяқталғаны ықпал ететін тәрізді. Қазіргі таңда жалпы инвестициясы 32 млрд. доллар болатын 69 ауқымды жоба жүзеге асырылуда.

Жалпылама алғанда, Үкіметтің 9 айға жасаған қорытындысы көңілден шығады. Бұл еліміздің ТМД аумағында бірқатар көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарға шыққандығын көрсетеді. Ендігі міндет те осы қалыптан ауытқымауда болып отыр.

Бұл ретте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов негізгі үш мәселеге баса назар аударуды дұрыс санап отыр. Бұл - қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау, шешімдердің сапалы орындалуы және кадр мәселесі. «Жалпы дағдарыс барысында біз экономиканы басқару мәселесіне басқашалау қараймыз. Шындығында, 2007 жылдан бастап біздің алдымыздан біршама кедергілер, дағдарысқа қатысты туындаған проблемалар орын алғаны белгілі. Осы ретте мен өзімнің алдыма негізгі үш бағытқа баса назар аудару туралы міндет қойған болатынмын. Оның біріншісі - бақылау мәселесі. Әрине, біздің жұмысымызда нәтиже беретін нақты шешімдер, оның ішінде дұрыс әрі жақсы шешімдер қабылданады. Бірақ, осы шешімдердің орындалуын жоғарыдан төменге қарай бақылау одан да маңызды болып табылады. Біз осыны жүзеге асыруға әрекеттенудеміз, бұған селекторлық кеңестің тигізер септігі де зор. Яғни, әсіресе тап қазіргі дағдарыс кезеңінде орталық қабылдаған шешімдердің орындалуын қадағалап, бақылап тұру аса маңызды. Екіншіден - сапаға назар аудару. Яғни, қабылданған шешімдер сапалы орындалуы шарт. Депутаттық сауалдардың, бір-бірімізбен пікір алмасудың нәтижесінде белгілі бір орындарда сапаның жақсарғанын көруге болады, дегенмен әлі де тиянақтылық қажет. Үшіншіден - кадр мәселесі. Өйткені, соңғы шешімдердің орындалуы тек кадарлар арқылы жүзеге асатыны айқын. Яғни, осы үш нәрсе - бақылау, сапа және кадр мәселесін әлі де жақсарта түсу керек, сондықтан біз алдағы уақытта осы бағытқа баса назар аударамыз», деді К. Мәсімов.

Соңғы жаңалықтар