Астық экспорттаушыларға құн салығының артық сомасын қайтару мерзімі ұзартылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астық нарығына қатысушыларға салынатын қосымша құн салығының асып кеткен сомасын қайтару жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ашық талқыға шығарған бұйрығында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының аумағында астық нарығына қатысушыларға қатысты 2021 жылғы 1 желтоқсаннан 2024 жылғы 30 маусымға дейін іске асырылады», - делінген бұйрықтың жаңа редакциясында.

Бұрынғы талап бойынша аталған ілкі жоба биыл 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс болатын. Комитет дерегінше, белгіленген мерзімнің ағымдағы жылы аяқталуы астық өндірісі мен оның экспорттық кезеңдеріне толық талдау жүргізуге мүмкіндік бермейді. Ал пилоттық жобаның мерзімін ұзарту - астық нарығына қатысушыларды көбірек тартуға сеп болмақ.

Қосымша құн салығынан асып кеткен соманы қайтару үшін экспорттаушы мемлекеттік кірістер органдарына өтініш жолдауы қажет.

Қайтаруға жататын қосымша құн салығының асып кеткен сомасын айқындау кезінде мыналар ескеріледі:

- ҚР «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңында айқындалған тәртіппен ашылған ҚР аумағындағы уәкілетті банктердегі салық төлеушінің банктік шоттарына валюталық түсім түскен тауарлар экспорты;

- ЕАЭО кедендік аумағынан экспорттың кедендік рәсімінде тауарларды әкету фактісі;

- «AstyqQoyma» АЖ-дегі астықтың шығарылуы мен қозғалысы.

Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар