Астананың үздік дәрігерлеріне «Канн жүлдесі» табысталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық қызметкерлер күніне орай Астананың үздік дәрігерлеріне тұңғыш «ALTYN SHIPAGER» сыйлығы табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде идеясының негізі ретінде Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» алынып отыр. «Алтын шипагер» мүсіншесінде лавр жапырақтары бейнеленген, бұл денсаулық пен ұзақ ғұмырды білдіреді.

Алғашқы марапаттау кешінде біліктілігімен және кәсібилігімен көзге түскен медицина мамандары «Жыл дәрігері», «Үздік эпидемиолог», «Мамандығына адалдық», «Цифрландыру көшбасшысы», «Денсаулық сақтау ісінің үздік менеджері», «Бірегей ота жасағаны үшін», «Үздік жедел-жәрдем бригадасы» сынды 10 аталым бойынша марапатталды.

nullСалтанатты шараны ашқан Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев медицина саласына қосқан үлесі үшін ел алғысына бөленген ардагер дәрігерлерді марапаттады. Олардың арасында Серік Ақшолақов, Мырзакәрім Алшынбаев, Абай Байгенжин, Нұрлан Батпенов, Валерий Бенберин, Мақсұт Құлжанов, Қадыр Омаров, Юрий Пя және Надежда Петухова бар.

«Жыл дәрігері» номинациясы  №1 қалалық аурухананың Отоларингология орталығының жетекшісі Гүлмира Мұхамедиеваға берілді.

nullАл «Үздік эпидемиолог» аталымында 20 жылдан астам уақыт бойы қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылап келе жатқан Сархат Сағынтайқызы Бейсенова жеңімпаз атанды.

 Сондай-ақ, медицина қызметкерлері күнінде белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин де марапатқа ие болды. Бұл ерекше жүлде әншіге науқастарға қол ұшын созып, қайырымдылық жасағаны үшін берілді.

nullТағы бір бірегей номинациялардың бірі - «Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін» деп аталады. Бұл марапат Онкологиялық орталықтың Бас және мойын қатерлі ісігі бөлімінің меңгерушісі Дархан Ахмединге берілді.

Айтулы кеште ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова «Мамандыққа адалдық» аталымының жеңімпазын марапаттады. Жүлдені медицина ғылымдарының кандидаты, «Астана» медициналық университеті АҚ Денсаулық сақтаудағы менеджмент және сараптамалық қызмет доценті Балаби Айғожин жеңіп алды.

«Денсаулық сақтау ісінің үздік менеджері» аталымында №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли үздік деп танылды. Атап өткен жөн, №2 қалалық аурухана - диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістері енгізіліп жатқан қаржылық тұрақты клиникалардың бірі.

Сонымен бірге, Айгүл Қасымова басқаратын №8 қалалық емхана «Цифрландыру көшбасшысы» сыйлығымен марапатталды. Бұл емхана - барлық бизнес-процестері автоматтандырған, денсаулық сақтау саласын цифрландырудағы алғашқы мекемелердің бірі.

«Бірегей ота жасағаны үшін» - №1 перинаталды орталығы неонаталды хирургия бөлімінің жетекшісі Асылжан Ерекешев марапатталды.

Айта кетейік, Ерекешевтер отбасы мамыр айында өткен қалалық «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарған болатын.

«Жеке медициналық қызметті үздік жеткізуші» аталымы бойынша «Салауатты Астана» медициналық орталығы үздік атанды. Ал «Үздік жедел жәрдем бригадасы» атағы мен бір жарым миллион теңге сыйақы - Тимур Сейтенов, Қайрат Құдабаев, Бекзат Құлбабаға берілді.

Марапаттау кешінде отандық эстрада жұлдыздары - Бауыржан Исаев, Жеңіс Ысқақова, Сүндет Байғожин, Алмас Кішкенбаев, Дастан Оразбеков, Формат тобы өнер көрсетті.  Сондай-ақ, кеш жүргізушісі Нұрлан Әлімжан медицина қызметкерлерімен бірігіп, авторлық «Дәрігер» әнін орындады.

Еске салар болсақ, жыл сайын Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Айтулы күн қарсаңында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елордалық дәрігерлерге пәтер кілтін табыстады.

«Қаламызда дәрігерлер мен медицина қызметкерлері асқан жанкештілікпен еңбек етіп келеді. Жыл сайын Астанаға 50-100 мың адам келеді және қалалық емханаларға ауыр жүктеме түседі. Күнделікті елорда емханаларына 8,5 мың тұрғын келеді, 400-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылады, 120-ға жуық ауыр орта жасалады, жедел жәрдем қызметі 1 500 шақыртуға қызмет көрсетеді. Бұл цифрлардың артында сіздердің баға жетпес еңбектеріңіз тұр», - деді Әсет Исекешев марапаттау рәсімінде.

Соңғы жаңалықтар