Астананың шыңылтыр аязды түнінде 10 жасар бала жоғалып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астана полицейлері жоғалып кеткен 10 жасар баланы түні бойы іздеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ға қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова мәлім етті.

Белгілі болғандай, 13 қаңтар күні сағат 22:40 кезінде полицияға Астана тұрғыны хабарласып, кешкі сағат 18:00-де 10 жастағы баласы Бараев көшесі бойында орналасқан үйінен шығып кеткенін және оның қайда жүргенін анықтай алмай отырғанын айтқан. Бастапқыда баланы ата-анасы өздері іздеуге шыққан, бірақ та бұдан еш нәтиже шықпағасын, полицияның көмегіне жүгінді.

«Ақпарат түскен бойда «Алматы» ауданы ІІБ полицейлері бірден іздестіру шараларына кірісіп кетті. ІІД-нің жеке құрамы бағытталды. Сағат 03:00 кезінде бала Әзірбайжан Мәмбетов көшесі бойындағы үйдің маңында орналасқан күзет бекетінің нысанында ұйықтап қалған жерінен табылды. Түнге дейін ойын қызығына ерген бала үйге қайтар жолды таба алмай қалған көрінеді», - дейді Астана ІІД баспасөз хатшысы.

Полицейлер табылған баланы үйіне жеткізді. Өз кезегінде оның ата-анасы шұғыл әрекеттері үшін полиция қызметкерлеріне үлкен алғысын айтуда.

Айта кетейік, өткен түнде елордада ауа температурасы минус 28-ге дейін төмендеген болатын.

Соңғы жаңалықтар