Астананың сәулеті мен сәнін тұжырымдаған тұлға - Кисе Курокава

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі толқынның келер ұрпақтан бір артықшылығы - қазіргі замандастар жаңа астананы салудың, жаңа қаланы қалыптастырудың куәсі болдық. Ұлы далада Қазақ елінің байтақ Астанасын тұрғызуға барша қазақстандық үлес қостық. Тәуелсіз елдің өз астанасын салудың тұтас шежіресін жаздық. Алайда Астананы құруға ерекше үлес жасап, басқалардан көбірек күш сарқығандар да баршылық. Солардың бірегейі - жапон сәулетшісі Кисе Курокава.

1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы салу жобасы бойынша әлемдік архитекторлар арасында халықаралық байқау жариялаған еді. Сол байқаудың жеңімпазы атанған Кисе Курокава: «Қазақ елі - көшпелілер рухын сақтаған халық. Бұл елдің астанасын  тұрғызу маған сол үшін де қызық» деген екен.

Айта кетерлігі, Астананың бас жоспарына арналған халықаралық байқауға әлемдік сәулет өнерінің шеберлері ұсынған жүздеген жобалар сараптаудан өткізілген. Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден 50-ден астам жоба келіп түскен екен. Солардың ішінен 27 жоба қазылар алқасының қарауына іріктеліп, жапон сәулетшісінің тұжырымын Елбасының өзі үздік деп таныған.

Қазақстанның құрметті сәулетшісі, профессор Аманжол Чиканаев осыдан 20 жыл бұрын өткен халықаралық байқау туралы баспасөзге берген сұхбатында былай деп еске алады: «Байқауға 47 шығармашылық ұжым қатысты. Мен ұйымдастыру комитетінің құрамында болдым. Байқаудың финалында 3 үздік жоба таңдалды. Бірінші эскиздің авторы - әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, екінші жоба - қазақстандық сәулетшілер, үшінші жобаның авторлары - ресейлік мамандар еді. Осы үш үздік жобаның ең мықтысын Елбасы өзі таңдады».

Мемлекет басшысы не үшін жапон сәулетшісінің жобасын үздік, мықты жоба деп таныды?

Курокава «ХХІ ғасырдың қаласы жаңа философиялық доктринаға сай салыну керек» деген тұжырымды қолдады. Жапон сәулетшісі ұсынған концепция бойынша қала жобасы тек сәулет өнерін ғана дамытып қоймай, мегополистің табиғатпен үндесетін байлықтарын қатар жетілдіру жолдары қарастырылған еді. Бүгінгі күннің шындығынан қарасақ та Кисе Курокаваның тұжырымы өзін нақты ақтағанын көрсетеді. Яғни, шаһардың құрылысы мен қоршаған ортаны қатар дамытып, бұл үшін  қала  маңын көгалдандыру, жасыл желекті ұлғайту, ауаның таза болуына жағдай жасау қаперде болуы тиіс. Міне, дәл осы мәселеге Елбасы аса қатты мән берген екен.

Осылайша, Мемлекет басшысының шешімімен елорданың бас жоспарын жасау құқығын Кисе Курокава иеленді. Ол жоба жұмысымен екі жыл айналысып, 2001 жылы 15 тамызда құжатты Үкімет қабылдады. 

Кисе Курокаваның өмірбаянына тоқталсақ, ол 1934 жылы Жапонияның Каниэ ауылында дүниеге келген. Оның әкесі де дарынды сәулетші болған екен. 1960  жылы ол бірқатар пікірлес жолдастарымен бірігіп сәулет өнерінің жаңа бағыты - метаболизмнің негізін қалаған. Жапон сәулетшісі бірқатар халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып, әлемге әйгілі ғимараттарды дүниеге келтірді. Мәселен, Кисе Курокава Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақ үйі, «Сони» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы. Ол өз жобасында жаңа философиялық көзқарасты тұғыр еткен. Өзінің айтуынша, «ХХ ғасыр механикалық принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр Өмір принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс».

Кисе Курокава ұсынған тұжырым қазіргі уақытта толығымен орындалып отыр деп айтуға болады. Бір қызығы жапон сәулетшісімен бірге үздіктер қатарында танылған жобалар бойынша Есіл өзенінің екі жағалауына зәулім ғимараттар, үйлер тұрғызылуы тиіс болыпты. Алайда Кисе Курокава бұған үзілді-кесілді қарсы болып: «Есіл Сарыарқа өңірінің негізі қан тамыры іспеттес, оны неге басты нысанға алып отырсыздар? Бұл жоба қабылданса 2-3 жылда өзенді құртып тынады» деген пікір айтқан екен. Сосын жапон сәулетшісі қаланы кеңірек қанат жайдырып, таза ауа мен жасыл белдеуге назар аударуы тиістігін құптаған.

Бұл идея да Елбасының ұстанымымен сай келген болатын. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың қыркүйегінде Астана қаласының жасыл белдеуін құру туралы шешім қабылдаған болатын. Соның ішінде бірінші кезеңде 1998 жылдан бастап 2004 жылдар аралығында Астана қаласының шегінде орналасқан астананың жасыл белдеуін құру жасыл ағаш екпелерді ықтырмаралық кеңістіктерді сақтай отырып орман алқабы етіп отырғызу жолымен жүргізілді. Осы уақытта бірінші кезеңнің жұмысы толығымен аяқталды. Астананың жасыл белдеуінің жалпы ауданы 14 827 гектарды құрайды, соның ішінде 9,6 млн. ағаштар және 1,8 млн. шамалас бұталар өсіп-өніп жатқан 11 502,2 гектарды ағаш екпелер алып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының ауданында үздіксіз жасанды жасыл белдеуді құру және оны Щучье-Бурабай шипажай аймағының табиғи белдеулерімен қосу жоспарда бар. Ал бас қалада жасыл көшеттердің қазіргі алаңы 2030 жылға дейін 36335 га құрап, елорданың жалпы аумағының 51 пайызына тең болмақ.

null

nullӘрине, қала бейнесі уақыт өткен сайын өзгеріп тұрады. Оның үстіне ХХІ ғасырда қала салу саласында жаңа технологиялар мен ұстанымдар бірін-бірі жылдам ауысатындықтан, бас жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу де заңдылық. Тіпті озық дамушы елдердегі ірі қалалар орташа алғанда, әр бес жыл сайын өздерінің бас жоспарларын жаңартып тұрады екен. Яғни, қала да замананың жаңа үрдіс-трендтеріне сай модернизацияланады. Әйтсе де, жапон сәулетшісі Кисе Курокава іргесін қалап кеткен Бас жоспардағы идеялар негізінен жүзеге асты. Қазіргі Астананың әсем келбеті табиғатпен біте қайнасып жатыр. Елордадағы еңселі ғимараттардың бәрінде де қаланың жасыл аймағы, табиғатпен үндестігі қаперде ұсталған.

null

Айта кетерлігі, Кисе Курокава Астанадағы халық саны 1 миллион адамға тек 2030 жылы жетеді деп болжады. Алайда, статистикалық мәліметтер жапон сәулетшісінің қателескенін білдіреді.

Астананың бас жоспарынан бөлек, Кисе Курокава Астананың халықаралық әуежайын салуға да өз үлесін қосып кетті. 1997 жылы Астанаға ресми мәртебе берілгеннен кейін әуежайды дамытып, оның техникалық сипаттарын, жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін арттыру мәселесі туындаған болатын. Ал жаңа, заманауи әуежай салу арқылы ресми Астана өзін халықаралық аренада қуатты, қарқынды дамып отырған ел ретінде танытатыны белгілі еді.

null

Бір сөзбен айтқанда Астана әуежайы Қазақстанның қай саладағы болмасын қарқынын аңғартатын, бүгінгі дамуын паш ететін бірінші көрінісі. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әуежайды жобалау жұмысына жапон сәулетшісі Кисе Куракаваны шақырды. 2002 жылы әуежай терминалын қайта құру мен модернизациялаудың ірі жобасы қарқын алып, 2005 жылы әуежайдың салтанатты түрде тұсауы кесілді. Бүгінгі күні елордадағы әуежай Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әрі модернизацияланған нысан болып табылады. Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі беріліп, нысан жас Астананың жаңа нышанына да айналды.  

null

Соңғы жаңалықтар