Астананың миллионыншы тұрғыны бір жасқа толды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 шілде күні, яғни бүгін еліміздің бас шаһарының миллионыншы тұрғыны Саида Мұхамедияр бір жасқа толды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қызым 3150 грамм салмақпен, 52 сантиметр бойымен 2016 жылдың 4 шілдесі күні Астана қаласының бірінші перинаталды орталығында дүние есігін ашты. Әу баста ештеңе түсінбей қалдық: бізді басқа палатаға ауыстырды да, қала әкімінің келетінін айтты, - дейді анасы Арайлым Мұхамедияр. - Қолында 25 раушан гүлі бар Әсет Исекешев біздің палатаға кіріп келіп, Саиданың Астананың миллионыншы тұрғыны екенін айтып, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Ал біз жатқан орталықтың ұжымы балалардың тамақтануына арналған үстел мен памперс сыйлады. Әкім кетіп қалғаннан кейін де біраз уақыт бұл оқиғаның рас-өтірігіне көзімді жеткізе алмай абдырап қалдым. Бізге пәтер кілті табысталғаны туралы ақпарат сол сәтте-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерге тарап кетті. Барлық таныстар мен достарымыз қоңырау шалып, құттықтай бастады. Мен тек басымды изей бердім».

Арайлым мен оның отбасы қыздарының есімін қоярда осы жаймен байланыстырыпты. Саида есімі араб тілінен аударғанда «бақытты» немесе «жолы болғыш» деген мағынаны білдіреді екен. «Оның дүние есігін ашқанының өзі бізге баға жетпес бақыт сыйлаған. Бұған қоса пәтерге ие болғанымыз, одан әрі қуанта түсті. «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген халықтың нақылының дәл келгені ғой», - дейді Саиданың анасы.

Арайлым жаңа туған нәрестелердің есебі жүргізіліп отырғанын білмеген де екен. Сыйға тартылған пәтерге Саиданың өмірге келгеніне бес ай толғанда көшіп келіпті. Жаңа пәтердің құжаттарын әзірлеп, өз қалауларынша жөндеп те алған. Бақыттан басы айналған отбасы Әсет Исекешевпен түскен суретті Интернеттен тауып алып, естелік үшін шығарып алған.

Саиданың жасы бірге енді ғана толып жатса да, анасы оны «нағыз әртіс» дейді. Жас бөбек әнді де айтады, биді де билейді.

«Фломастерлермен сурет салуды өте жақсы көреді. Бірақ, ұстаған затын аузына сала беретіндіктен, қауіпті-ау деген заттарды ұстатпаймын. Өмірге әкелгеннен кейін бірден қызымды балабақша кезегіне тіркеп қойдым. Саида 9 мыңыншы кезекте тұр. Бірақ, өзім де балабақшада жұмыс істейтіндіктен, бұл жағынан уайымдай бермеймін», - дейді Арайлым.

Отбасы Павлодар қаласынан көшіп келген. Астанада көшіп келгендеріне 15 жылға жуықтапты. Жұбайы Олжас Мұхамедияр Қостанай қаласының тумасы. Электромонтер болып еңбек етеді. Отбасы бес баланы дүниеге әкелуді жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар