Астананың қай бөлігінде тұрғындардың лифтіге көп шағымданатыны анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов пен Бекболат Тілеухан «iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКМ жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық қызметкерлері қала тұрғындары көбіне қандай мәселелер бойынша өтінімдер жасайтындығы туралы айтып берді.

«Жалпы, қалада бізге тиесілі барлық салаларды қамтып келеміз. Мәселен, жыл басынан бері лифтіге қатысты бізге 2 114 өтінім келіп түсті, оның ішінде қазіргі кезде 11-і бойынша жұмыстар атқарылуда. Ең көп өтінімдер Алматы ауданында тіркелді. Өздеріңіз білесіздер, Байқоңыр мен Алматы жақында екіге бөлінді. Бұл ретте, аталған аудандарда лифтілер бойынша шағымдардың көптігін ескере отырып, олардың аумағында ескі үйлер басымырақ екенін байқауға болады», - деді iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жетекшісі Жаннат Дубирова.

Сонымен қатар ол абаттандыру мәселелері аясында тұрғындар тарапынан хабарламалар жиі түсетінін жеткізді.

«Атап айтқанда, жол инфрақұрылымына қатысты 2 116 өтінім түссе, соның ішінде 103-і бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы орайда қай мекемелер жұмыс мерзімін асырып жібергенін көріп тұрамыз», - деді Ж. Дубирова.

Оның сөзіне қарағанда, қала тұрғындары тарапынан жолаушылар жолағын орнату, жол сапасына байланысты хабарламалар өте көп келеді.

Айта кетейік, орталық 2017 жылы «109 кезекшілік қызметі» МБ мен Астана қаласы әкімдігінің жағдайлық бақылау орталығының бейнебақылау мониторингі тобының бірігуі аясында құрылған еді. Атқарылатын жұмыстың басты мақсаты - апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру әрі бақылау. Сонымен қатар, орталықта азаматтардың өтінімдерін қабылдау іске асырылады. Онда қала бойынша орнатылған 4 мыңнан аса бейнебақылау құрылғылары басқарылады.

Соңғы жаңалықтар