Астананың қарбаласына бір уақ камерасыз қараудың өзі ғажап - iKomek операторы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Smart city немесе «Ақылды қала» дейтін айдар тағылып жүрген заманауи урбанистиканы бақылау камераларынсыз елестету мүмкін емес. Қазақстан астанасы да бұл тенденциядан кенде қалғысы келмейді. ҚазАқпарат оқырман назарына осы мақсатпен құрылған «iKomek109» орталығының ерекше қызметкері туралы мақала ұсынып отыр.

Ол жұмысына жаяу барғанды ұнатады. Аттаған әрбір адымға соншалық күш пен жігер жұмсаса да, мұның он екі мүшесі сау адамдарға тым ебедейсіз көрінетін аяқ басысына бөтен көздер алғаш көргенде қадала қарайтынын ту сыртымен сезсе де, жұмысына жаяу жетуге тырысады. Көше камераларына тікелей жалғанған монитордан сегіз сағат бойы тапжылмай телміретін қаланың қуыс-қуысын бір уақ камераның көмегінсіз өз көзімен көру, ауасымен тыныстап, шуылын ет құлағымен есту өзіне ұнайды. Иә, Еркебұланның жұмысы осындай. Нақтырақ айтсақ, «iKomek109» қалалық орталығының мониторинг және жедел әрекет ету департаментінде оператор болып жұмыс істейді.

Міндеті – астана көшелерінде орнатылған бақылау камералары арқылы өзіне белгіленген учаскедегі қоғамдық тәртіп пен коммуналдық қызметтердің жұмысына мониторинг жасау. Кейде салғырттыққа салынып, қаланың санитарлық тазалығына қайшы әрекетке барсаңыз немесе көлік тізгіндеп келе жатып жол ережесін бұзған болсаңыз, Еркебұлан мен әріптестері монитордың ар жағында отырып-ақ соны байқайды да, тиісті мамандарға жолдайды. Қаланың қалтарыстау қуысында қар тазаланбай қалса да, көше шамдарының бірі жанбай қалса да дер кезінде байқап, ақау жойылғанша тиісті қызметтерге маза бермеу –олардың кәсіптік міндеті.

«iKomek109» орталығының басшысы Жаннат Дүбірованың айтуынша, ұжымдағы ең нәтижелі қызметкердің бірі осы Еркебұлан.

«Ондаған қызметкердің арасында 8 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Соның ішінде Еркебұлан Бұрмұханбетов дейтін жігіт церебралды сал ауруына шалдыққанына қарамастан, үнемі үздік қызметкерлердің тақтасынан түспейді», - деген болатын. Қайсар жаспен танысуға сол әңгіме себепкер болды.

Еркебұланның бітірген мамандығы – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Еуразия гуманитарлық институтын «қызыл» дипломмен тәмамдаған озат түлек екен. Бірақ қазіргі жағдайына, өзінің көңіл қалауына мұғалімдіктен гөрі осы жұмысы оңтайлы болып тұр. Жұмыспен қамту орталығы арқылы «iKomek109» орталығына штаттан тыс тартылған жігіттің мұқияттығы мен табандылығын көріп, орталық басшылығы штатқа алған.

«Мұнда істеп жүргеніме 3 жыл болды. Таңертең сағат 8.00-де келгеннен кешкі сағат 17.00-ге дейін көше камералары арқылы қаладағы ахуалды монитордан бақылап отырамыз. Біздің жүйеге Нұр-Сұлтан бойынша 16 мың камера интеграцияланған», - деп сипаттады ол өз жұмысын.

Айтуынша, қала адамдары мұрнының астында болып жатса да, тіршіліктің күйбеңімен байқай бермейтін небір тосын оқиғаны монитордың сыртынан бұлар көріп отырады. Жұмысы оған сонысымен қызық.

«Біздің бір күніміз бір күнімізге ұқсамайды. Көзіміз шалған келеңсіздікті бірден жауапты қызметтерге хабарлап, ақау жойылғанша тыным таппаймыз. Бір адамға бірнеше камераны бірдей бақылап отыру керек. Монитордың бер жағында отырып қаланың қайнаған тірлішігіне әр шалған қоңырауымыз арқылы әсер етеміз. Кемшіліктерді түзетуге атсалысып, тосын жайтқа тап болған адамдарға қол ұшын береміз. Жұмысым осындай динамикасымен ұнайды», - дейді Еркебұлан.

Әңгіме арасында алғаш жұмысқа кірген жылы камерадан көшеде есірткі қолданып жатқан адамды байқап, инспекторларға қолғабыс еткенін еске алды.

24-тегі жас маман бір ғана машықпен шектеліп қалғысы келмейді. Сондықтан да қосымша ізденіп, урбанистика, жылжымайтын мүлік саласы бойынша білімін жетілдіріп жүр. Жұмыстан қолы бос кезде пәтер сатып алушыларға ақылы негізде кеңес беретінін айтты.

«Өзіме жылжымайтын мүлік нарығына анализ жасап отыру ұнайды. Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің 99 пайызын бес саусағымдай жатқа білемін десем, артық болмайды», - деді жас маман.

Сірә бұған «iKomek109» орталығында жүріп жинаған деректер мен көрген жайттар да септігін тигізетін болса керек.

«Қазіргі заманда адам өмірден өз орнын табу үшін аса көп дүние керек емес деп ойлаймын. Ел қатарлы білім алдық. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Тіпті хоббиім сияқты. Жұмысқа жаяу келгенді ұнатам. Қаланың қарбаласына бір уақ камерасыз қараудың өзі ғажап. Қолым бос уақытта урбанистикамен әуестенемін. Енді, бұйырса, бір басымды екеу етсем деп жүрмін», - деді Еркебұлан әңгіме аяғында.

Әр шалыс басқан қадамымызды аңдып тұратын жалғыз көзді тыңшыдай көрінетін көше камераларының ар жағында да осындай қарапайым қиялы бар, өзіміз сияқты жұмыс басты жандар отыр.


Соңғы жаңалықтар