Астананың қалыптасуында Елбасының еңбегі зор - Несіпбек Айтұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана халықаралық әуежайына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру - лайықты іс. Әуежайдан бөлек, тұтас елорданың Астана болып қалыптасуына Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан зор. Мұндай пікірді ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын Несіпбек Айтұлы білдірді.

Өз сөзінде ақын жиырма жыл бұрын ел астанасын Сарыарқа төсіне көшірген Елбасының еңбегін ерекше атап өтті.

«Астана әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін бергенін естіп, қуанып отырмын. Елбасының бар еңбегін жиып қойып, ел астанасын Сарыарқа төсіне көшіргені үшін де алтыннан ескерткіш қоюға болады. Себебі, қиын-қыстау заманда ел астанасын ауыстыру оңай шаруа емес. Бұл шешімнің нағыз көрегендік екеніне енді көзіміз жетіп отыр. Жиырма жыл бұрын жазық далада жаңа қала бой көтереді дегенге ешкім сенбеп еді, енді міне сол Астанада айдай әлем көз тігіп отырған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтіп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ, Н.Айтұлы әлемнің озық мемлекеттерінде ел басқарған ерен тұлғалардың атымен аталатын әуежайлардың бар екенін айтып, бүгінгі қаулының нағыз лайықты шешім екенін жеткізді.

«Кезінде Петр І солтүстіктен жаңа қаланың іргетасын қалап еді, сол Петрден мұра болып қалған әсем Санкт-Петербург бүгінде тұтас Ресейдің мақтанышына айналды. Бір кездері Астананы Назарбаевтың атымен қайта атауды ұсынғанда да қолдау білдіргенмін. Ол уақыттың еншісіндегі мәселе. Ал бүгінгі әуежайды Назарбаевтың атымен атау - шын мәнінде лайықты шешім», - деп өз сөзін түйіндеді ақын.

Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2017 жылғы 20 маусымдағы № 381  қаулысына сәйкес Астана халықаралық әуежайына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді .  Сонымен бірге, мемлекет меншігіндегі объектілерге жеке адамдардың есімін беру қағидаларына да өзгеріс енгізілді .

Соңғы жаңалықтар