Астананың Қаллеки театры гастрольдік сапармен Түркияда жүр

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 14 қараша. ҚазАқпарат -Үстіміздегі жылдың 12 қарашада Анкарада Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына арналған іс-шаралар шеңберінде

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры репертуарындағы үздік туындылардың бірі - Думан Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» драмасының түрік тіліндегі (Режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов) қойылымы өтті. Іс-шара Түркия Республикасының Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТИКА) қолдауымен және ұйымдастыруымен өтті.

Қойылымды тамашалауға Елші Жансейіт Түймебаев, ТИКА Басшысы Сердар Чам, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, орынбасары Фырат Пурташ, Әділет және даму партиясының Бас хатшысы, парламенттік «Қазақ-түрік достық тобының» басшысы Халюк Ипек, ТР Парламентінің депутаттары, мәдени-академиялық, қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ ТР БАҚ өкілдері келді.

Спектакльдің басталуы алдында сөз сөйлеген Елші Ж.Түймебаев бауырлас екі елдің  достық байланысын біріктіріп, алдағы уақытта да  ежелден  бар рухани қатынасты тереңдетудегі зор маңызын атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған ТИКА Басшысы Сердар Чам аталған іс-шараның түбі бір туыс елдерді бір-біріне жақындастыра түсудегі маңызының зор екендігін айтты. Сондай-ақ атқарылар іс-шаралардың әлі де көп екендігін тілге тиек етті.

Әділет және даму партиясының Бас хатшысы, парламенттік «Қазақ-түрік достық тобының» басшысы Халюк Ипек аталған қойылымның түркі халықтары арасындағы ортақ тіл, дін, тарихи және мәдени құндылықтарынан қуат алатын қатынастарды нығайта түсуге ықпалы зор екенін атап өтті.

Қойылымда қазақ   ханы - Кенесарының өмірі,  қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, этнографиясы, ән-жыры, таным-түсінігі жан-жақты көрсетілген. Театр актерларының кейіпкерлерді бейнелеудегі шеберлігі, әсіресе қойылымның түрік тілінде өтуі  көрерменді тәнті етті.

Қойылымды қазақ тілінен түрікшеге Астанадағы Юнус Эмре Түрік мәдениет орталығы аударып, дайындаған.

Сонымен қатар, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев театр  ұжымымен жеке кездесті.  Оның барысында қазақстан-түрік қатынастарының ағымдағы жай-күйі, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобалардың іске асырылуы туралы ақпарат берілді. Соңынан Түркияда қазақстандық өнерді танытуға сіңірген еңбектері үшін Елшіліктің алғыс хаттары тапсырылды.

Театрдың кезекті қойылымы 14 қарашада Ыстамбұл қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар