Астананың ХҚО-ларында жеке сәйкестендіру нөміріне өтініш беруші шетелдіктер көбейген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Мәди Садановтың айтуынша, қаланың халыққа қызмет көрсету орталықтарында ЖСН-ге өтініш беруші шетелдіктер көбейген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын бағалайтын екі өлшем бар. Олар – күту уақыты мен рәсімдеу уақыты. Күту уақыты азамат консультацияға талон алған сәттен бастап оператордың алдына келген кезге дейін есептеледі. Ал рәсімдеу уақыты оператордың алдына келген сәттен қызмет алып болғанға дейін есептеледі. 2021 жылы күту уақытының талабын бұзу фактілері 3 есе қысқарған болатын. Биыл қайта көбейді. Ал рәсімдеу уақыты бойынша керісінше төмендеу бар. Былтыр коронавирусқа қатысты шектеулердің әсерінен халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілер саны қысқарған еді», - деді ол қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында.

Сондай-ақ, ол халыққа қызмет көрсету орталықтарында күту уақытының талабы неге жиі бұзылатынын айтты.

«Бізде ақпараттық жүйелерде жиі іркілістер болады. Мысалы, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесінде іркіліс пайда болса, автокөлікті рәсімдей алмай қаламыз. Өйткені көлік иесінің мойнындағы салықтар мен айыппұлдарды көруіміз керек. Заңды тұлғалардың атындағы жылжымайтын мүлікті де осы жүйеден қараймыз.

Қаңтар оқиғасы рәсімдеу уақытына қойылатын талаптардың бұзылуына әсер еткен болатын. Интернетте шектеу болды. Біз жұмыс істеп тұрғанымызбен адамдарға қызмет көрсете алмадық.

Сондай-ақ, шетел азаматтарының үлкен ағынын көріп отырмыз. Оның ішінде ресейліктер көп. Жеке сәйкестендіру нөмірін алушылардың нөпірі бар», - деді Мәди Саданов.

Еске салсақ, елордалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Чупеков жыл басынан бері 486 адам көлік жүргізу құқығынан айырылғанын мәлім еткен болатын.

Еске салсақ, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев 10 мыңға жуық ресейліктің Қазақстан ЖСН-ін алғанын мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар