Астананың емханаларында үш жүзден астам шетел азаматы ем қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бас қаласында медициналық туризм дамып келеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қаланың 9 жетекші емханасында 300-ден астам шетелдік ем қабылдаған. Оларға кардиохирургия, трансплантология, ЭКО, оңалту, ортопедия сияқты клиникалық бағыттар бойынша көмек көрсетілген болатын.

Мұндай мәліметтер бүгін Астананың жетекші клиникаларына жасалған ақпараттық медициналық тур барысында келтірілді. Шараға туристік операторлар, елордалық туризм қауымдастығының өкілдері мен блогерлер қатысты.

Турға қатысушылар Ұлттық кардихирургия орталығына, Ұлттық нейрохирургия орталығына, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына, «ҚР Президенті істерін басқару медициналық орталығының» ауруханасына, Ұлттық ғылыми медициналық орталыққа, сондай-ақ, «Үміт» томотерапия мен ядролық медицина орталығына барып қайтты. Шара аясында қатысушыларға нейрохирургия, кардиохирургия, ортопедия, онкология, ЭКО сияқты клиникалық бағыттар бойынша инновациялық медициналық қызметтер, «Check-up» (диагностика) қызметтері, сәулелік диагностика таныстырылды.

Кездесу барысында медициналық туристер арасында сұранысқа ие медициналық орталықтар бөлімдері қызметінің негізгі аспектілері жайлы айтылды.

Мәселен, рентген операциялар жасалатын бөлмелер, «Carto» аппаратының жұмысы, томоперапияның көмегімен қатерлі ісік ауруларын емдеу тәсілдері көрсетілді.

Еске салайық, бүгін медициналық мекемелер, олардың ұсынатын қызметтері мен мамандары, мекемеде бар құрал-жабдықтар туралы ақпаратты алуға мүмкіндік беретін www.medicaltourism.kz бірыңғай онлайн-порталы іске қосылған болатын.

Бұдан бөлек, медициналық туризмге қатысты «Call-орталық» жұмысын бастады. Қазақстандық және шетелдік пациенттер өзіне қажетті ақпарат пен кеңесті 1430 нөмірі бойынша тәулік бойы ала алады.

Соңғы жаңалықтар