Астананың бас жоспары қайта қаралып, жыл соңына дейін бекітіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың бас жоспары қайта қаралып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астаналықтарды баспанамен қамту өзекті. Жыл сайын тұрғын үйлерге деген сұраныс артып келеді. Осы орайда, Астананың бас жоспарына өзгерістер енгізуді қолға алдық, себебі қолданыстағы жоспар ескірді. Қолданыстағы бас жоспар бойынша елорда халқы 2030 жылы 1 млн 200 мыңға жетуі тиіс еді. Ал, біз ол көрсеткішке 2020 жылы жетіп қойдық. Елорда халқы екі есе өсті, тиісінше баспана мен басқа да қажеттіліктер бойынша сұраныс арта түседі», - деді Алтай Көлгінов Үкімет үйінің кулуарында тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, жаңартылған бас жоспарды жыл соңына дейін бекіту жоспарланып отыр.

«Астана қаласының алғашқы бас жоспары 2000 жылдардың басында қабылданды, 2010 жылы оған түзетулер енгізілді. Содан бері өзгерген емес. Жаңартылып жатқан бас жоспар 2035 жылға дейінгі уақытты қамтиды», - дейді ол.

Бұған дейін Алтай Көлгінов елордада тұрғын үй құрылысының қарқынын азайтуға қатысты пікір білдірген еді.


Соңғы жаңалықтар