«Астананың» бас менеджері «Қайраттан» неліктен жеңіле беретіндіктерін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының бас менеджері Саян Хамитжанов футболдан Қазақстан чемпионаты аясындағы матчта «астаналықтардың» «Қайраттан» жеңілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Премьер-лигасының 32-турындағы орталық кездесуде елордалық ұжым 0:2 есебімен жеңіліп,чемпиондыққа талас қыза түскенін хабарлаған едік. Ойыннан соң журналистерге сұхбат берген «Астана» клубының жетекшісі «Қайратты» лайықты жеңісімен құттықтап, келесі аптада қатарласып келген УЕФА Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі «Маккабиге» қарсы ойында және ел біріншілігіндегі «Ақжайыққа» қарсы матчта «Астана» бар күшін салатынын айтты.

«Қорғаныста жекелеген кемшіліктер жібергеніміз үшін бізді жазалаған «Қайраттың» бұл жеңісі чемпионаттағы бәсекені барыншы қыздыра түсті. «Қайрат» біз үшін аса қиын қарсыласқа айналды деуге болады. Олардың бапкері кім болуынан тыс, қандай құраммен ойнауынан тыс бізді жеңіп жатыр. «Оқжетпес» немесе «Атырауға» қарағанда «Қайрат» бізге қарсы сәтті ойнайды. Меніңше, біз «Қайратқа» үнемі тактика жағынан жеңілеміз. Негізгі мәселе де осында», - деп келтіреді Саян Хамитжановтың сөздерін «Астана» ФК баспасөз қызметі.

Саян Хамитжанов ойында жарақат алып, стадионнан тура ауруханаға жеткізілген Юрий Логвиненконың жағдайы туралы айтты. «Жарақаты айтарлықтай ауыр, ол Израильде командаға көмектесе алмайтын шығар. Юрий - командамыздың белді ойыншысы, біз маңызды ойын алдынан үлкен қиындыққа тап болдық», - деді ол.

Еске сала кетейік, 2 қараша күні сағат 21:00-де (Астана уақытымен 00:00-де) «Астана» Израиль астанасы Тель-Авив қаласында жергілікті «Маккабиге» қарсы ойнайды.

Соңғы жаңалықтар